Бес қарасайлық кішкентай домбырашылар таяуда облыс көлемінде өтетін байқауға қатысып, аудан атынан өнер көрсететін болады, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Анығырақ айтқанда, таяуда жұмысын бастаған Шалқар ауылындағы Өнер мектебінде күні кеше «Жас музыкант» аудандық байқауы өткен еді. Оған қазақтың халық аспаптарында ойнайтын аудан аумағындағы өнер мектептерінің таланытты жастары қатысты.
Жас өрендердің барлығы да тыңғылықты дайындалған. Таңдаған шығармаларындағы қойған техникалық міндеттерін орындап қана қоймай, оның мағынасын тыңдаушыларға жеткізіп, сипаты мен идеясын жеткізе алды.
Талантты балаларды насихаттап, оларға қолдау көрсетуді мақсат еткен сайыс қорытындысы бойынша Шалқар өнер мектебінің түлектері Ерасыл Асылханұлы, Еркебұлан Серикбаев, Ақылбек Ельшубаев және № 1 балалар музыкалық мектебінің өнерпаздары Әмина Тоқтархан Айғаным Жүсіпназар жеңімпаздар атанып, облыстық байқауға жолдама алды.
Ауданда жеңіске жетіп, енді облыстық кезеңде аудан атын қорғайтын қарасайлық өнерпаздарға сәттілік тілейміз!