Қарасай аудандық ауруханасының инфекциялық бөліміне «Короновирус инфекциясы» диагнозымен облыстың бір тұрғыны жатқызылды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған науқас 17 наурызда Сауд Арабиясынан Ыстамбұл мен Бішкек арқылы ұшып келген. Естеріңізге сала кетейік, бұл Алматы облысында 1-ші, ал еліміз бойынша 53-і тіркелген жағдай.
Сырқаттың айтуынша, 19 наурызда ауру белгілері байқала бастаған, ал 20 наурызда Қырғауылды ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға медициналық көмекке жүгінген. Дәрігердің қарауынан кейін науқас Қарасай аудандық ауруханасының инфекциялық бөіліміне жеткізіліп, оқшауланған палатаға жатқызылған. Зертханалық тексеру жүргізіліп, COVID-19 тексті оң нәтиже көрсеткен. Қазір сырқаттың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Науқастың 11 адаммен байланыста болғаны анықталды, соның 4-еуі – өз отбасының мүшелері, 3-еуі – құлшылыққа бірге барғандар, 2-еуі достары. Байланыста болған басқалары анықталуда, облыс аумағында тұратын, сырқатпен байланыста болғандар провизорлық стационарға оқшауланады.
Сапардан келгеннен кейін науқастың Жамбыл облысы мен Алматы қаласында байланыс жасаған азаматтары туралы мәліметтер тиісті органдарға берілді. Эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізілуде.