Қаңтар оқиғасына қатысы бар деп ұсталған алты адам уақытша ұстау изоляторында қайтыс болды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы Tengrinews сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ақпаратты «Казахстанская правда» басылымына берген сұхбатында Бас прокуратураның арнайы прокурорлық қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлімдеген.
Ол рұқсат етілмеген жауап алу әдістерін қолдану деректері бойынша қылмыстық істі арнайы прокурорлар өз бақылауына алғанын атап өтті. Бұған дейін оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеген. Осыған дейін мұндай істердің барлығы арнайы прокурорларға тапсырылмаған, тек ұсталғандардың өлімі тіркелген жағдайларда ғана тапсырылған.
«Біздің ақпаратымыз бойынша, осындай жағдайда Алматыдағы уақытша ұстау изоляторында екі адам, Шығыс Қазақстан облысында үш адам және Талдықорғанда бір адам қайтыс болды. Сондай-ақ, біз азаптау бойынша атышулы Талдықорғандағы істі қарадық. Осы деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оның нәтижесін міндетті түрде хабарлаймыз», – деді Ризабек Ожаров.