«63 жасанды тыныс алу аппаратын аламыз». Блогер бес сағатта 12 миллион теңге жинады

«63 жасанды тыныс алу аппаратын аламыз». Блогер бес сағатта 12 миллион теңге жинады

Елімізде қайырымдылығымен танылған блогер Дәулет Төлеутайұлы оқырмандарымен бірге жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алу үшін 12 миллион теңгеден аса қаражат жинаған, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Дәулеттің айтуынша, ауырып жатқандарға жасанды тыныс алу аппаратына ақша жинау идеясын айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаевадан алған.

– Тұрсынбаеваның Instagram-парақшасынан «Қорымыз жасанды тыныс беру аппаратына ақша жинап жатыр» дегенді оқыдым. Соны оқып, Тұрсынбаеваға жаздым. Оқырмандарыммен бірге 50-ге жуық аппарат сатып алуға шамамыз жететін шығар деп айттым. Сөйтіп, байқап көрейік дедік. Кеше қаражат жинауды бастадық. 5 сағатта 12 миллион теңгедей ақша жиналды. Одан кейін де қорға ақша түсіп жатты. Сондықтан, басында хабарланғандай 50 емес, 63 аппарат алатын болдық, – деді блогер.

Дәулет Төлеутайұлы 63 аппаратты әр қалаға бөліп беретінін айтты. Оның айтуынша, қалаларды таңдағанда географиялық статусқа қараған. Қала статусы бойынша қай жерде адам саны көп болса, соларды таңдағанын айтады. Блогердің сөзінше, адам саны көп 50 қалаға бір аппараттан беріледі. Ал қалған 13-і аудандарға жіберіледі.

Блогердің айтуынша ол тыныс алу аппараттарын Түркиядан 35 500 доллар (14,5 миллион теңге – авт. еск.) алғалы отыр екен.

Сонымен қатар, «Дәулеттен» қоры шілдеде «Екінші тыныс» жобасы бойынша жұмыс істесе, тамызда оқушыларға көмектеспек.

– Тамыздағы мақсатымыз – мектеп жасындағы балаларға көмектесу. Оларға мектепке қажетті құрал-жабдықты сатып әпереміз. Ал елдегі эпидмиологиялық жағдай тұрақтанбай, сабақтар карантинге байланысты онлайн өтеді деп жатса, ноутбук, планшет не ұялы телефон сыйлауды жоспарлап отырмыз. Алдын ала бәріне уәде бергім келмейді. «Арық сөйлеп, семіз шыққаны» дұрыс. Бәрін тамызда көре жатармыз, – дейді ол.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях