Ескелді орталық аудандық ауруханасының дәрігері үздік атанды  

0
271

Бүгін Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Облыс көлемінде өткізілген байқауда «Емхананың үздік дәрігері» атанған Ескелді орталық аудандық ауруханасының дәрігері Бижамал Күлбековаға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 7 млн. теңгенің сертификаты мен арнайы диплом тапсырды, деп хабарлайды naqty.kz.

Сол сияқты бірнеше номинация бойынша жеңімпаз деп танылған мекемелер мен мамандар, ерекше еңбегімен көзге түскен қызметкерлер марапатталды. Олардың арасында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлес қосып жүрген кардиологтар, анестезиолог-реаниматологтар,  неврологтар, офтальмологтар, педиатрлар, акушер-гинекологтар, фельдшерлер, фармацевтер, травматологтар, медбикелер және басқа да мамандар бар.

Денсаулық сақтау саласы мамандарын Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай, Жетісу және Ұлытау жаңа облыстарын құру туралы тарихи шешімін халық қуана қабылдағанын, соның ішінде бұл Талдықорған өңірі тұрғындары үшін де елеулі жаңалық болғанын атап өтті:

— Бүгін Жетісу облысындағы алғашқы салтанатты шара Медицина қызметкері күніне арналып отыр. Мұның өзі — жақсы ырым. Баршаңызды қатар келген қос қуаныш — Жетісу облысының құрылуымен және кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! – деді Б.Исабаев.

Ақ халатты абзал жандардың қашанда өз міндетін жауапкершілікпен атқарып келе жатқанын айтқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев шараны сала үздіктерін марапаттау рәсімімен жалғастырды.Атап айтқанда, Алматы облысының медицина қызметкерлері арасында өткізілген «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының «Емхананың үздік дәрігері» номинациясында Ескелді орталық аудандық ауруханасының дәрігері Бижамал Күлбекова, «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» аталымында Облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары  Асқар Шормақов қара үзіп шықса, Облыстық көпсалалы аурухананың фармацевті Махаббат Бодауова «Үздік фармацевт», Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасының мейірбикесі Айжан Аймақова «Үздік мейірбике», Алакөл орталық аудандық ауруханасының фельдшері Нұрлан Уалиев «Үздік фельдшер», Облыстық жұқпалы ауруханалар ауруханасы «Үздік медициналық мекеме» атанды. Оларға 1,5 млн теңгеден 7 млн. теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар берілді. Бірқатар азаматтар Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь