Американың «The Walt Disney Company» компаниясының таза кірісі өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштермен салыстырғанда 91%-ға құлаған, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған компанияның тоқсандық қаржылық есебі дәлел. Келтірілген мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың 28 наурызында аяқталған екінші тоқсан қорытындысы бойынша, компанияның таза табысы $475 млн құраған. Сөйте тұра компанияның ақшалай түсімі 21%-ға өсіп, $18 млрд-қа тең болды. Өткен жылы осы кезеңде «The Walt Disney Company» таза кірісі – $5,4 млрд, ал, ақшалай түсім 14,9 млрд доллардан асқан еді.
СNN-нің хабарлауынша, кіріс көлемінің мұншалықты төмендеуі әлемде, соның ішінде АҚШ-та да тез тарап жатқан коронавирусқа байланысты. Осы індетке байланысты «The Walt Disney Company» өзіне тиесілі ойын-сауық саябақтарының жұмысы мен жаңа фильмдер, сериалдардың түсірілімін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.