Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен бүгін аймақта құрылған Дағдарысқа қарсы ведомствоаралық жедел штабтың бірінші отырысы өтті. Жиында ел Үкіметінің Дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын өңірде жүзеге асырудың негізгі бағыттары айқындалды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуда облыс басшысы дағдарысқа қарсы шаралар қабылдау мен оларды жүзеге асыруды Елбасы мен Президент өз бақылауларына алғанын атап өтті. Үкіметте арнайы штаб құрылып, оның іс-шаралар жоспары әзірленгенін соған орай облыста да осындай штаб жұмыс істейтін болатындығында айтты.
Аталмыш штабтың жұмыс тобының құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма, департамент басшылары, аудан, қала әкімдері, «Жетісу» ӘКК басшылығы және т.б. кіріп, оның жұмысын Амандық Ғаббасұлы өзі басқаратын болады.
Облыс әкімі өз сөзінде осы бағыттағы басты шаралар ретінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін Тұрақтандыру қорының жұмысын жандандыру, тауарлар, қызметтер, тарифтер мен коммуналдық қызметтер бағасын бақылау, еңбек нарығында тұрақтылықты сақтау және жағдайды мониторингілеп отыру, «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына несие беруді жалғастыру, еңбек қатынастарын қорғау мақсатында орта және ірі кәсіпорындармен меморандумдарға отыру, жалақы қарыздарын болдырмау керектігін қатаң ескертті. Сол сияқты көктемгі дала жұмыстарын уақытылы бастауды, азық-түлік қауіпсіздігін, нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз етуді де басты назарда ұстауы керектігін тапсырды.
Сонымен қатар, жиында Амандық Баталов имидждік шараларды өткізуге бағытталған шығындарды және бюджеттің басымдық берілмейтін шығындарын қысқарту, көлік, жиһаз сатып алуды тоқтату қажеттігін де айтты. Облыс аумағында коронавирус инфекциясының туындауы мен таралуына жол бермеуді басты міндет ретінде атап өтті.