Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев айтуынша, әзірге блок бекеттер арқылы зат алысуға болады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– Мен осы жерде тұрғанда 60 жастағы адам келіп 80 жастағы анасына Талғар қаласына дәрі беруі керектігін айтып өтініш жасады. Бұл дәрілер сол жақтағы дәріханаларда жоқ екен. Мұндай жағдайда әрине, біз түсіністікпен қарап, тауарды беріп жібереміз, – дейді ол.
Сонымен қатар, Жандос Мұраталиев айтуы бойынша блок бекеттері арқылы белгілі бір себептермен қаладан тыс қалған адамдарды өткізуге болады.
– Тек қана балалар емес. Ересектер де бар. Мысалы, ауруханадан шыққан Алматы облысының тұрғындары өтіп жатыр. Яғни, 100 пайыз өткізбейді деген түсінік жоқ. Бекет арқылы өтпек болған әр адамның мәселесін жеке қарауға тырысып жатырмыз, – деді басқарма басшысы.
Ал, 22 наурыздан бастап қалаға кіріп-шығуға мүлде тыйым салынады. Сол уақыттан бастап шаралар күшейтіледі.