ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі танымал журналист Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығын жариялады. Аталмыш сыйлықтың басты мақсаты — ардақты азамат, елімізге белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің есімін мәңгілікке сақтап қалу және талантты жас журналистерді тану, олардың кәсіби жағынан одан әрі дамуына жәрдем беру, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ұлтық сыйлық 4 номинация бойынша беріледі:
– Әлеуметтік тақырыптағы үздік ТВ сюжет;
– Әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала;
– Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал (әлеуметтік желі);
– Әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет.
Байқауға телевизия, баспа, интернет журналистиканың және фотосуретшілер, жаңа медиа (әлеуметтік желілер) саланың кәсіби және кәсіби емес жас журналистері (18-35 жас аралығы) қатысып, бағын сынай алады. Байқаудың қазылар алқасының құрамына еліміздің медиа саласының дамуына елеулі үлес қосқан танымал медиа менеджерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері кіретін болады.
«Жігер» сыйлығына өтініш 2020 жылдың 26 мамыр мен 15 маусым аралығында mdq.kz сайтында қабылданады. Сыйлыққа қатысты толық ақпаратты (қатысу ережесін) «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ресми сайтынан (mdq.kz) ала аласыз. Аталмыш байқауда жеңімпаз атанғандарды салтанатты марапаттау журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында хабарланатын болады.