Ескі көлікті өткізіп, өтемақы ала аласыз

Ескі көлікті өткізіп, өтемақы ала аласыз

Елімізде былтырғы жылдың қараша айынан бастап утилизация туралы жаңа жоба қолға алынған болатын. Соның арқасында, жер-жерде жаппай жүруге жарамсыз автомобильдерді қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін арнайы бекеттер де ашылған. Бұл ретте, Алматы облысы бойынша жарамсыз көлікті қабылдайтын бір қосынның біздің Қарасай ауданының Жармұхамбет ауылында орналасқанын да айта кеткен жөн. Жалпы, бұл үшін нендей құжат қажет, көлікке қойылар талап қандай? Осы сауалдарға Karasayinfо.kz тілшісі жауап іздеп көрген еді.

Ең әуелі, көлігін утилизацияға өткізгісі келетін адам ауданаралық тестілеу орталығына (МРЭО) барып, жарамсыздығын растайтын анықтама алу керек. Қаскелең қаласында ондай екі орталық бар. Біреуі Наурызбай батыр көшесінде болса, екіншісі Алматы-Бішкек трассасының бойындағы «Барыс» автокөлік базарында орналасқан. Соңғы аталған мекеменің қызметкері, Алматы облысы ӘПБ мемлекеттік инспекторы, полиция майоры Дархан Самсыбаевтың айтуы бойынша, бұл жоба қолға алынғаннан бастап, темір тұлпарларын өткізуге асыққандардың қатары көп болған. Соның дәлелі ретінде, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 168 көлік қолдануға жарамсыздардың қатарына тіркелгендігін, ал, үстіміздегі жылдың басынан бүгінігі күнге дейін 5 машина утилизацияға жіберілгенін алға тартуға болады. Яғни, тиісті құжаттарыңызды (көлік салығының төленгенін растайтын қағаз, техникалық құжат, жеке куәлік, екі мемлекеттік нөмір) арқалап аталған мекемеге келіп көлікті жарамсыз деп табу жөнінде электронды арыз жазасыз. Кез-келген банктен жеке есеп-шот ашу керек. Қолыңызда жеке куәлігіңіз болса жеткілікті. Ары қарай, www.auto.recycle.kz сайтына кіріп, электронды түрде кезекке тіркелесіз. Қабылдау бекетінің мекенжайы да сол сайтта толық көрсетілген. Мысалы, Алматы облысы бойынша тозығы жеткен көліктерді Жармұхамбет ауылындағы «Эфес» зауытының аумағындағы №573 мекемесінде қабылдайды. Кезегі келіп, қабылдауға шақырылғандар, темір тұлпарларын өткізетін жерге өздері жеткізулері міндетті.

Негізі, өткізейін деп жатқан көлігінің қай санатқа жататынын, жоғарыда аталған www.auto.recycle.kz сайтынан немесе тегін call-center-ге 8 800 080 08 65 (Қазақстанның барлық аумақтары бойынша тегін) нөмірі арқылы қоңырау шалып біле аласыз. Ал, бағалау тәртібі бойынша айтсақ, 150000 теңге алу үшін, тозығы жеткен көлікте мынадай бөлшектер тізімі болуы керек:

  1. Шанақ (кузов)
  2. Қақпақ (капот)
  3. Қозғалтқыш
  4. Дөңгелекті қоршаған жабын — 4
  5. Есіктер — 4
  6. Дөңгелектер — 4
  7. Радиатор
  8. Жүксалғыш қақпағы
  9. Беріліс қорабы
  10. Аккумулятор
  11. Газды сыртқа шығаратын жүйе детальдары, сондай-ақ катализдік бейтараптандырғыштар.

Ал, егер осы аталған тізімнен дөңгелектері мен есіктері, аккумуляторы жоқ болса, автокөлігіңіз 48000 теңгеге ғана бағалануы мүмкін.

Қосымша айта кетсек, машинаның шыққан жылына қатысты еш шектеу жоқ. Талап бойынша әзірге тек, салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеңіл көліктер қабылданады. Егер бөлшектері мен құжаттарына қатысты қандай бір шикілік болса, көлік кері қайтарылуы мүмкін. Утилизациялау бағдарламасы аясында, еліміз бойынша 10 мыңға жуық квота бөлінген.

Темір тұлпарыңыз талапқа сай деп танылып, өткізілген соң шамамен 10-15 күнде жеке шотыңызға утилизациялық төлем аударылады. Нақтылап айтатын тағы бір жайт, көліктің егесі келісім шартты жасағаннан кейін, оны иелену құқығынан толық айырылады. Яғни, автокөлікті қайта қайтара алмайды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях