Сүт безінің обыры (емшек обыры) – бездің өзектерінен және үлестерінен түзілетін эпителий ісігі. Бұл әйелдерде ең кең тараған онкологиялық ауру. Ол қазіргі заманғы онкологияның ең күрделі проблемалардың бірі болып табылғандықтан, оған қарсы медицина мамандары көптеген іс-шаралар өткізуде. Атап айтқанда, бүгін аудандық орталық ауруханада 21 қазан – Дүниежүзілік сүт безі обыры туралы хабардар ету күніне орай, аталмыш аурудың алдын-алу акциясы өтті. Оны облыстық денсаулық сақтау басқармасы және аймақтық онкологиялық диспансері ұйымдастырып, оған аудандағы елді мекендерден әйелдер шақыртылды. Оларға тексеру жұмыстарын аймақтық онкология диспансерінің онкомаммологы Әдемі Әубәкірова жүргізсе, ақпараттандыруды ультра дыбыстық зерттеу дәрігері Халима Ишкуллаева жан-жақты түсіндірді.
Жалпы, іс-шара барысында сүт безі ісіктерінің қандай да бір формалары (ал олардың саны 30 түрден асады) әйел халқының жартысында кездесуі мүмкін екені айтылды. Бірақ, қуанышқа орай, олардың басым көпшілігі зарарсыз және денсаулыққа қауіп төндірмейтінің алға тартты ақ желеңділер. Бүгінгі акцияда 55 әйел тексеріліп, оның ішінде біреуінде обыр ауруының белгілері байқалса, біреуінде сарысулы ісік және 24-де фиброзды кистозды мастапатиясы анықталған. Қатерлі ісіктер (обыр және саркома) он шақты есе кем рет кездеседі, алайда олар әйелдердің арасында жетекші онкологиялық патологиялар болып табылады. Сондықтанда, аталмыш іс-шараның нәзік жандыларды сүт безіне қатысты әртүрлі аурулардан алдын ала сақтануы үшін маңызы зор екені анық. Аудандық аурухананың маммолог дәрігері Динара Бектанованың айтуынша, біздің ауданда 200-ден аса қыз-келіншектеріміз диспансерлік есепте тұр екен. Бұдан бөлек, жыл сайынғы скриннингтік тексеру барысында жаңа жағдайлар байқалып жатқаны да бар. Үстіміздегі жылы жоспар бойынша 4146 әйел тексерілген. Оның 784-і диспансерлік есепке алынса, 3-де обыр анықталған. Ақ халатты абзал жандардың сөзіне сүйенсек, 50 жасқа дейінгі нәзік жандыларымыз жылына бір рет маммолог мамандарға барып, УДЗ өтуі керек. Ал, 50 жастан жоғарылар 2 жыл сайын скриннинг тәсілмен маммографиялық тексеріске барулары міндетті. Ол үшін өзі тіркелген емдеу мекемесіндегі дәрігерге дейінгі кабинетке баруы қажет.