Биыл 1979 жылы басталып 10 жылға созылған Ауғанстан жеріндегі соғыстың аяқталып, көмек ретінде жіберілген Кеңес әскерінің ел аумағынан шығарылғанына 36 жыл толды. Осыған орай, бүгін Қаскелең қаласында аталған соғысқа қатысып, өзінің интернационалдық борышын өтеу жолында қаза болған жауынгерлерге қойылған ескерткішке гүл қою рәсімі өтті, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Шараның алғашқы сөзі берілген аудан әкімі Жасұлан Естенов алдымен он жылға созылған қасіретті ауған соғысының тарихына тоқталып, оның әскер қатарында болған көптеген қазақстандық жастың тағдырын өзгерткенін атап өтті. Аудан басшысынан кейін сөз кезегі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Ерлан Абдықалықов, аудандық Ауған соғысы ардагерлер қоғамы бірлестігінің төрағасы Әділ Абдықалықов және ауған соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Серік Бертайұлына беріліп, олар жиналған жұртты бүгінгі мерекемен құттықтап, мұндай соғыс енді болмауын, жас ұрпақтың бейбіт аспан астында өмір сүруін тіледі.
Мұнан соң ауған жерінде интернационалдық міндетін орындау жолында қаза болған боздақтарға арналып бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, олардың рухтарына тағзым етілді.
Салтанатты жиын әрі қарай аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мерекелік кеште аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы жиналғандарға тағы бір мәрте ризашылығын білдіріп, бірқатар аталған соғыстың ардагерлерімен қанды майданда қаза болған жауынгерлердің әйелдерін өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Шара соңы ауданымыздың өнерлі өнерпаздары ардагерлерге арнап дайындаған тамаша концерттік бағдарламамен тәмамдалды.