Алматы облысындағы саяжайларға елді мекен атауы беріле бастайды

Алматы облысындағы саяжайларға елді мекен атауы беріле бастайды

Алматы облысындағы саяжайларға елді мекен статусын беретін механизм іске қосылады, — деп хабарлайды  naqty.kz  желілік басылымы.

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі жазды. Алматы облысында саяжайлық бірлестіктер мен бау-бақша серіктестіктеріне елді мекен статусын беретін механизм іске қосылып, Алматы аймағында тұратын 183 мыңнан астам адамның аса өзекті мәселесінің шешілуіне септігін тигізеді. Облыс бойынша барлығы 705 саяжайлық алқап бар. Сондықтан саяжай мәселесі күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Оны тиімді жолмен шешу 135 саяжайы бар Еңбекшіқазақ ауданы үшін де маңызды. Осы ауданның тұрғындары қойған сауалдарға жауап берген Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев саяжайдағы инфрақұрылым мәселесін шешу үшін алдымен оған елді мекен статусын беру керектігін атап өтті. Демек, сонда ғана мектеп, балабақша, аурухана, жол мен көшелерді жарықтандыру, орталықтандырылған ауызсу мен табиғи газ тарту мәселесі шешіледі. Өйткені, қазақстандық заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы билік бюджет қаржысын ауылдық және қалалық аумақтарды дамытуға ғана жұмсай алады. Саяжай кооперативтері бұдан сырт қалады.

«Осы мәселені мен ел Президентіне, үкімет басшысына жеткіздім. Соған сай қажетті қолдау мен мақұлдау алдық. Қазір әрбір ауданға бас жоспарды түзету мен толық жоспарлаудың жобасын жасау үшін шамамен 500-700 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп отырмыз. Осыған орай бас жоспарларды пысықтау жөніндегі ауыр жұмыстарды биыл аяқтаймыз деп ойлаймын. Келер жылы егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен айналысамыз. Одан соң республикалық бюджеттен қаржы алу үшін өтініш беріп, жетіспегенін жергілікті бюджеттен бөлдіреміз. Соның арқасында 2-3 жылдың көлемінде саяжайлар елді мекен статусын алады. Бұл мәселе осы уаққа дейін мүлде шешілмегенін ескерсек, межеленген мерзімге шыдауға болады», – деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары нақтылау мақсатындағы сауалдарды көп қойған кездесуде «Шұбар», «Мереке», 14-ші саяжай сияқты саяжайлық бірлестіктердің тұрғындары белсенділік танытты. Бұған дейін белгісіз болып келген мәселенің түйіні шешілетінін ұғынған саяжайлық тұрғындар жақын арада өркениеттің қарапайым қажеттіліктеріне қол жететініне сенім білдірді.

 

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях