Алматы облысындағы мектеп әжетханасы Қазнет қолданушыларын ашуландырды. Әкімдік оқиғаға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бейнежазбаны Алматы облысының тұрғыны Сандуғаш Дүйсенова жариялаған. Автордың айтуынша, видео Панфилов ауданындағы Қырыққұдық ауылында түсірілген. Ол жазбада білім және ғылым министріне үндеу жасаған.
– Жаңа әжетханалар салған, бірақ балаларды кіргізбейді. Не үшін екенін білесіз бе? Ауылда су жоқ! Бар, алайда жеке адамдардың қолында. Суды таңғы 9:00-ден 12:00-ге дейін ғана береді, – дейді Сандуғаш Дүйсенова.
Бейнежазбадан бірнеше шұңқыры бар ағаш әжетхананы көруге болады. Алматы облысы Панфилов ауданының баспасөз қызметі өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді.
– Мектептің іргетасы 1985 жылы қаланған. 2020 жылы мектеп ішінде жалпы соммасы 3 миллион 526 мың теңгеге әжетхана салынды. Мектепте су орталық жүйеге қосылған. Ауылдағы ауыз су мәселесіне тоқталсақ, мектепке су күнделікті 10:00-14:00 аралығында беріледі. Қосымша 1 тонналық су жинағыш бар. Су мектеп қажеттілігіне жеткілікті. Ескі әжетханалар жаңа оқу жылы басталғанша министрлік тапсырмасымен алып тасталады, – деп мәлімдеді Алматы облысы Панфилов ауданының баспасөз қызметіндегілер.