Жоба арқылы жағдайын жақсартты

0
2540

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жасал­ған «Өрлеу» бағдарламасына қатысуға алғашқылардың бірі болып ниет білдіріп, оның игілігіне көз жеткізіп, жақсылығын көріп отырғандардың бірі Райымбек ауылдық округінде тұратын Фартдиновтар отбасы. Отағасы Равиль Маратұлының жасы 43-те. Өзі ІІ топтағы мүгедек. Әйелі Нұрсұлу екеуі жеті бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Олардың алды алтыншы сыныпты аяқтаса, кішісі енді ғана төртке толмақ. Жоба туралы ең алғаш көп балалы ана Қаскелең қаласындағы Абай мектеп-гимназиясында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары ұйымдастырған жиналыстардың бірінде естіп, білген екен. Мұқтаж жандарға қаржылай да жәрдемдесіп, кәсіп меңгеруге себепкер болып, екі қолға бір іс ұсынуды мақсат еткен мемлекет көмегіне бірден қызығушылығы оянып, осы жылдың ақпан айынан бастап тиісті құжаттарын жинап, өткізген.  Отбасының еңбекке жарамды мүшесі ретінде, әлеуметтік келісімге сай, Нұрсұлу аудандық құмыспен қамту орталығы арқылы кәсіптік қайта даярлаудан өтеді. Нақты айтқанда, қазіргі кезде әлі де Қаскелеңдегі С.Жандосов атындағы колледжде тігін өнеріне машықтанып жүр. Жақында ІІІ разрядты  тігінші екенін айғақтайтын сертификатын қолына алады.

Ал, жоба бойынша белгіленген 387 402 теңге шартты ақшалай көмекті де бұл отбасы пайдалы іске жұмсауға ниет еткен. Яғни, үш түрлі тігін машинкасын сатып алған. Сонымен қатар, Равильдің жоғарғы оқу орнында алған мамандығы бағдарламашы екенін де айта кеткен жөн. Жалпы, ол электроника құралдарының тілін жақсы білгендіктен, компьютердің кейбір бөлшектерін жөндеуге арналған арнайы құрылғыға да сол қаражатты жеткізген.

–  Өзім көпбалалы анамын, отбасымыздағы жалғыз асыраушымыз жолдасым ғана еді- дейді Нұрсұлу Бекетқызы. — Кейде оған да жұмыс болмай қалатын кездер де кездесетін. Енді, міне, мен де бір кәсіпті меңгеріп, қосымша табыс тауып, жәрдемдесетін болдым. Сертификатымды алған соң алдымен көрші-қолаңға, туған-туысқандарға  қызметімді ұсынатын боламын. Қазір өзім тіккен кеудеше, көйлектерімді киіп жүрмін. Тіп, болашаққа жақсы жоспарлар құра бастадық. Тігін цехын ашсақ, балаларға арналған киімдер шығаруды қолға алсақ дегендей… Сондықтан, осылайша бізді келешекке жігерлендіріп, толымды табыс табуға талпындырып, ынталандырған «Өрлеу» жобасына қатысқаныма өте қуаныштымын.

Биыл Қарасай ауданында осы жобаны жүзеге асыруға 31 млн.592 мың теңге бөлінген. Болжам бойынша бұл мақсатта 50 отбасын қамту көзделген болса, қазіргі күні «Өрлеуге» қатысуға ниетті 47 адамның өтініші қанағаттандырылған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь