Жібек жолы ауылдық округінің әкімі тағайындалды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Күні кеше Жібек жолы ауылдық округі әкімінің сайлауы өткені белгілі. Округ басшысы болуға тіркелген үш үміткердің арасынан осы елді мекеннің тумасы, бірнеше жыл аталмыш ауылдык округтің әкімдігінде қызмет еткен Эльмира Тасырова жұртшылықтың қолдауына ие болып, сенім үдесінен шығып, басым дауыс жинады.
Жергілікті халық таңдаған Эльмира Алтынбекқызы бүгіннен бастап лауазымды қызметіне кірісті.
Аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы бүгін әкімдікке арнайы келіп, Жібек жолы ауылдық округінің бірқатар тұрғындарына, ауылдың қарияларына және әкімдіктің ұжымына жаңа әкімді таныстырды. Осы уақытқа дейін атқарған жемісті қызметін айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, бұл басқосуда округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базаргелді Анисов, ардагер-ұстаз Әсемгүл Темірқұлова сияқты ауылдың адамдары сөз сөйлеп, жаңа әкімнің жақсы қасиетін, оны ауыл болып қолдағандарын айтып, лауазымды қызметімен құттықтады.
Естеріңізге сала кетейік, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің сайлауына осы уақытқа дейін Қарасай аудандық Жұмыспен қамту орталығының басшысы болған Эльмира Тасыровадан бөлек, Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов, Жандосов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрбек Заманбеков сынды азаматтар да үміткер ретінде тіркелген.