Жетісулық аспаздар мен даяшылар жарысы

Жетісулық аспаздар мен даяшылар жарысы

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жыл сайын болатын «Ақ дастархан» аспаздық шеберлері байқауы биыл 14-ші рет ұйымдастырылды. Астананың 20 жылдығын мерекелеуге әзірлік аясында өткізілген бұл жолғы бәсекеде өңіріміздің барлық аудандарынан іріктелген қоғамдық тамақтану саласының озықтары Қаскелең қаласындағы «KHAMA PARK» мейрамханасында бас қосты.

Осы өңірлік деңгейдегі үлкен шараның біздің ауданымыздағы бұл мейрамханада өткізілуі де тегін емес. Олай дейтініміз, әлемдік деңгейдегі маман, «Айку» ЖШС-нің құрылтайшысы, «World skills» республикалық қозғалысының бас сарапшысы, аталған мейрамхана кешенінің директоры Серікхан Әділханов өз ұжымымен бірге бірнеше мәрте бұл конкурстың жүлдегері атанып, бүгінде әріптестеріне үлгі болуда. Сол себептен де кең залдың төріне «KHAMA PARK»-тың аспаздары дайындаған дәмі тіл үйірер тәттілері мен тойымды тамақтарынан көрме қойылды. Әрқайсысы көздің жауын алған олардың арасында әсіресе, ағаш астауға салынған хан табақ, қозы қарын, қос қазы, өрметөс сияқты ұлттық асымыздың орны бөлек.

Бұл жөнінде журналистерге берген сұхбатында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Айгүл Идрисова да айтты.

– Бұл байқаудың біздің кәсіпкерлерімізге, әсіресе, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласының қызметкерлеріне берері көп, — деді ол өз сөзінде. – Мұнда жиналғандар бір-бірінен оза шабуды ойламайды, керісінше, тәжірибе алмасады. Сол арқылы аталған саланың сапасы арта түседі. Осымен екінші рет «KHAMA PARK» мейрамханасының базасында бұл шараны өткізіп отырмыз. Ондағы мақсат – барлық талаптарға сай нағыз мейрамхана қандай болуы керектігін өзге аудандағы іскер азаматтарға көрсету. Өйткені, қаншама жыл осы саланың қыр-сырына әбден қаныққан Серікхан Сәметұлының шеберлігіне, керемет ұйымдастырушылық қабілетіне, байыпты басшылығына қандайда бір сын айту қиын.

Сонымен, шараның ашылу салтанатында сәттілік тіленіп, қатысушылар да, байқауды қадағалаушылар да іске кірісті. Серікхан Сәметұлы төрағалық еткен, құрамында Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмат Бакиров, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Жанар Оразова, Қаскелең қаласындағы «Қарақұм» мейрамханасының директоры Ұлтуған Жамбасынова бар қазылар алқасы әр қатысушы команданың ас мәзірімен жеке-жеке барып танысып, артықшылықтары мен кемшіліктерін саралады. Ал, келесі кіші залда даяшылар бөлек өзара сайысқа түсті. Дастарханды әрлеу мәдениеті, тағамды немесе сусынды әдемілеп, талапқа сай ұсыну, сапалы қызмет көрсету жағы жіті қадағаланды мұнда.

Соңында қазылар алқасы ұзақ ақылдасып, әділ шешімге келді. Олар кіл мықтының ішінен шын мықтыны таңдағанша, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, жиналғандарды бір серпілтіп тастады.

Сайыс қорытындысында бас жүлдеге Көксу ауданының қатысушылары лайықты деп танылды. Сонымен қатар, бір күнге созылған байқауда бірнеше номинациялар бойынша да орындар тағайындалған болатын. Біздің ауданның атынан қатысқан «Шұбарат» мейрамханасының аспазы «Үздік аспаз» номинациясында ІІІ орынды,  «АС — МАР» дәмді үйі «Үздік кондитер» номинациясында ІІІ орынды, «Аққу» мейрамханасының даяшысы «Үздің даяшы» номинациясынан ІІІ орынды ұтып алды. Барлық жеңімпаздар Алматы облысы әкімінің дипломымен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях