Жетісу облыстық мәслихатының кезектен тыс II сессиясы өтіп, қайта құрылатын облыстық басқармалардың тізімі таныстырылды, деп хабарлайды naqty.kz желілік басылымы.
15 депутат қатысқан кезектен тыс сессияны ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихат хатшысы Гүлнар Тойлыбаева жиынға Алматы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шақырылғанын жеткізіп, күн тәртібінде қаралар мәселелерді таныстырды. Оның айтуынша, сессияда екі мәселе – Жетісу облысының басқару схемасы және облыстық мәслихаттың 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіледі.
Алғашқы мәселеге орай сөз алған Алматы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов:
– Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңының 6-шы бабына сәйкес облыстық әкімнің ұсынуы бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктің басқару схемасын бекіту облыстық мәслихаттардың құзіретіне жатады. Осыған орай Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өз ұсынысын енгізген болатын. Сондықтан Жетісу облысының басқару схемасын сіздердің бекітулеріңізді сұрап отырмыз. Басқару схемасы облыс әкімдігінің аппаратынан және 23 басқармадан тұрады. Бұрынғы Алматы облысында болған басқару схемасынан айырмашылығы жоқ. Тек Дін істері басқармасы мен Ішкі саясат басқармасы біріктіріліп, қайта құрылады. Қалған басқармалар өз орнында. Осы схеманы бекітіп берулеріңізді сұраймыз, – деп мәселені төтесінен қойды.
Ұсынысқа ашық дауыс берген кезектен тыс ІІ сессияға қатысушылар мәселені бірауыздан қолдап, облыстық басқармалардың өз жұмысын жүргізуіне мүмкіндік берді. Сонымен облыста екі басқарма бірлесіп, «Ішкі саясат және қоғамдық даму басқармасы» құрылды.
Одан соң облыстық мәслихаттың 2022 жылдың қалған мерзіміне арналған жұмыс жоспары бекітіліп, көпшіліктің қолдауын тапты.