Жерлесіміз Жетісу жерін әнмен тербеді

Жерлесіміз Жетісу жерін әнмен тербеді

 Жақында Алматы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Жетісу төрінде үш номинация бойынша Абай, Шәкәрім оқулары өтті. Өскелең ұрпақты қазақтың ұлы ақыны Абайдың қалдырған асыл мұраларымен таныстыруды, шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттап, ғибрат алуға шақыруды, жұртшылықтың әдебиетке, өнерге қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан бұл шараның облыстық кезеңінің үздіктері анықталды. Республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан осы байқауда ауданымыздың намысын Жамбыл атындағы орта мектептің 8 сынып  оқушысы Айым Жансерікқызы абыроймен қорғады. «Көңілім әнді ұғады» атты әншілер сынында өнер көрсеткен жерлесіміз қарсыластарынан оза шауып, құрмет биігінен көрінді. Ол үкісі үлпілдеп, ақша жүзі үлбіреп, шолпысы сыңғырлап бәз баяғы қазақтың қарапайым қос етек жібек көйлегімен шығып, Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерегін», Абайдың  «Татьянаның хатын» тамылжыта шырқап, алдымыздағы күз мезгілінде қазақтың бас ақыны дүниеге келген Семей қаласында өтетін, республикалық кезеңге жолдама алды.

Жастығына қарамай мектебінің мақтанышына айналып үлгерген Айым бұған дейін де біраз белестерді бағындырған. Атап айтқанда, Халықаралық  «Бозторғай» балалар байқауының I дәрежелі лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясованың ұйымдастыруымен өтетін «Самға жұлдыз»  республикалық байқауының номинация иегері, Нұрлан Албанның ұйымдастыруымен өтетін «Шырқа дауысым» балалар байқауының I дәрежелі лауреаты әнші жерлесімізге алдағы уақытта да сәттілік тілейміз.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях