15 ақпан – Кеңес Одағы әскерлері Ауғанстан жерінен шыққан күн. Сол жылдардағы сұрапыл соғыс кеңес жауынгерлері үшін жүрекке жазылмастай із қалдырғаны баршамызға мәлім. Ал, қазіргі таңда, осы күні еліміз бойынша аталмыш шайқаста қаза болғандарды ардақтап, еске алу үшін жыл сайын түрлі деңгейдегі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлермен кездесулер өткізіліп тұрады. Біздің ауданда да бүл үрдіс әр жылы жалғасуда.
Мәселен, биыл да Қаскелең қалалық округінің ұйымдастыруымен, Қаскелең қаласының Абылайхан мен Райымбек көшелерінің қиылысындағы ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің жанында, жылдағыдай, ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерді еске алу іс-шарасы өтті. Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген сарбаздардың ерлік рухын құрметтеу үшін Қаскелең қалалық округі әкімінің орынбасары Рафаель Мұқанов, полковник Мәлік Қалиев пен аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сәбит Пішембаев қатысып, ескерткішке салтанатты жағдайда гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін, мерекелік жиын жастарға сол кездегі жігіттердің Отан алдындағы борыштарын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімдерінен тағылым алсын деген мақсатпен Абай орта мектеп гимназиясында жалғасты. Мұнда ардагерлердің ерліктері еске алынып, концерт қойылды.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған Сәбит Қайроллаұлы шараның маңызына тоқталып, 1979 жылы Ауғанстан жерінде болған зұлымат соғыста Кеңес әскерлері қайталанбас қаһармандық танытқанын алға тартты. Ал, мұнан соң сахнаға шыққан полковник М.Қалиев: – Талайдың тағдырын тәлкекке салған ауған соғысы он жылға созылды. Мұнда қаншама жас қыршынан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың бір ғана міндеті — бала жастан саналарына сіңірген патриоттық тәрбие – Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді, – деп еске алып, ардагерлер қашанда құрметке лайық екенін жеткізді.
Сөз соңында ауған соғысына 22 мыңға жуық қазақстандық аттанып, оның ішінде біздің ауданнан 373 жауынгер қатысқанын, оның ішінен 14 азамат туған еліне қайта оралмай, құрбан болғанын да айта кеткен жөн