Қарасай жерінің мәдениетін өркендетуге сүбелі үлесін қосып жүрген Қалбибі Абдуллаеваның, өнерлі де жігерлі жас таланттарды шыңдайтын, «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері халықаралық «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» ән байқауына қатысып, ауданымыздың атын тағы бір асқақтатты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, жақында, яғни, қараша айының 23-і күні облыс орталығы Талдықорған қаласында халықаралық «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» атты ән байқауы өткен болатын. Әртүрлі елдердің қатысушылары арасындағы, жан-жақты шығармашылық, мәдени және достық байланыстарды нығайту және де еліміздің жас өнерпаздарының мерейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға аталмыш студияның шәкірттері де қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, үш Гран-приді қанжығасына байлады. Атап айтатын болсақ, өнерлі сайыста вокал номинациясы бойынша Камила Сағымбай, Аружан Ермек және Әділбек Бақашарұлы басты орын – Гран-приді ұтып алды. Сонымен қатар, аталмыш номинация бойынша Ернар Төкенов пен Шерхан Арыстан жүлделі бірінші орынды иеленсе, Алишер Батырбек екінші орынға лайықты деп танылды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дарындылардың арасында оза шауып, үлкен белестерді бағындырып жүрген «Қалбибі» өнер студиясының өрендерін кезекті жеңістерімен құттықтай отырып, өнерлерің өрге жүзсін деп тілейміз!