Жандосов ауылдық округінде – жаңа әкім

Жандосов ауылдық округінде – жаңа әкім

Сайлау кезінде біраз жандосовтықтардың қолдауына ие болып, көп дауыс жинаған Алмас Жамбауов бүгіннен бастап жаңа әкім лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Өткен аптаның жексенбісі Жандосов ауылдық округі әкімінің сайлауы өткені белгілі. Округ басшысы болу үшін үш үміткер бақтарын сынап, жергілікті халықтың сенімінен шығуға тырысты. Кеше аудандық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесі бойынша бүгінгі күнге дейін Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарған Алмас Жамбауовтың көп дауыс жинағанын хабарлап, аталмыш ауылдық округтің әкімі ретінде тіркеді.

Жандосовтықтардың басым көпшілігі қолдаған жаңа басшыны бүгін аудан әкімі Жандарбек Далабаев жергілікті әкімдікке арнайы келіп таныстырды. Бұл бас қосуға ауыл халқы мен мемлекеттік қызметшілер де қатысты.

Жиын барысында алдымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Аманова Жандосов ауылдық округінің сайланған әкімін тіркеу туралы хабарламаны оқыды. Одан кейін аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы округтің жаңа әкімі Алмас Жамбауовқа нақты тапсырма беріп, сайлауалды бағдарламасында көрсетілген, өзі уәде еткен істерді орындау үшін жұмыс атқару қажеттігін жеткізді. Округтің әлеуетін арттыру үшін мәслихат депутаттарымен бірлесе жұмыс атқарып, қордаланған мәселелерді шешу керектігін міндетті. Аудан әкімі осылайша жаңа әкімнің құзырындағы осы және басқа да жұмыстар жетіп артылатынан түсіндіріп, Алмас Ғалымжанұлын округ басшысы болуымен құттықтап, қызметтік куәлігін табыстады.

Жаңа әкіммен танысқан жандосовтықтар да бұл жиында ауылдың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бойынша өз ойларын айтып, Алмас Жамбауовқа сенім білдірді. Алдағы жұмысына сәттілік тілеп, жергілікті тұрғындар қашанда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Жандосов ауылдық округінің әкімі болып сайланған Алмас Жамбауов осы әкімдікте бас маман болып жұмыс атқарған. Бүгінгі күнге дейін Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары болды. Білімі жоғары. 1992 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жанашар ауылында дүниеге келген.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях