Жаңа оқу жылына дайындыққа байланысты облыс басшысы жиналыс өткізді

Жаңа оқу жылына дайындыққа байланысты облыс басшысы жиналыс өткізді

Биылғы 1 қыркүйектен дәстүрлі жолмен жалғасын табатын жаңа оқу жылына дайындыққа байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Амандық Баталов жиналыс өткізді. Селекторлық режимде өткен жиынға барлық аудандар мен қалалардың әкімдері, аудандық білім бөлімдерінің меңгерушілер мен мектеп директорлары қатысты,  деп хабарлайды karasayinfo.kz  желілік басылымы.

– Жаңа оқу жылының басталуына бір аптадан аз ғана уақыт қалды. Ол жылдағыдай 1 қыркүйекте басталады. Сондықтан Президенттің пандемия кезінде білім беру мекемелеріндегі жұмысты ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын жер-жерлерде сапалы орындау аса маңызды. Бұл ең алдымен санитарлы-эпидемиологиялық талаптар мен шарттарды қатаң ұстану деген сөз, – деген А.Баталов білім саласына жауапты орынбасары Батыржан Байжұмановқа қазіргі жағдай туралы баяндауды тапсырды.

Баяндамашының айтуынша, білім үдерісіне қатысушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауға қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар толық орындалып, барлық білім ұйымдары дезинфекциялық заттармен 100%-ға қамтылды. Облыстағы барлық мектеп «Ashyq» жобасына қосылған. Бүгінгі күні ұстаздардың 99,3%-ы вакцина алса, кейбір аудандарда бұл бағыттағы жұмыс 100%-ға орындалған. Оның ішінде Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Сарқан, Балқаш, Ескелді, Кербұлақ, Кеген, Панфилов, Райымбек аудандары мен Текелі, Талдықорған қалалары бар. Биылғы оқу жылы мектептерде «бір класс – бір кабинет» жүйесімен ұйымдастырылады. Онда үзілістер мен тамақтандыру бөлек жүреді.

Осыған орай Амандық Баталов санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын күнделікті қадағалау үшін арнайы мониторингтік топтар құруды тапсырды. Облыс әкімі мектеп құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге баса назар аударды.

Бүгінде облыста 33 мектеп салынып жатыр. Биыл 9 мектеп пен 1 қосымша нысан пайдалануға беріледі. Соның ішінде Іле, Қарасай, Ескелді, Панфилов, Кербұлақ аудандарында 6 мектеп 1 қыркүйекте алғашқы қоңырауын соғады. Одан бөлек, пайдалануға берілетін жекеменшік 3 мектептің 2-уі Білім күні көпшіліктің игілігіне ұсынылады.

Орынбасары Б.Байжұмановтың айтуына қарағанда, биыл көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 44 531 баланың тегін ыстық тамақ ішуіне, мектеп формасын алуына және қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз етуге 2,6 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында 12 900 оқушыға 122 миллион теңгенің демеушілік көмегі көрсетілді.. Ескелді ауданында 1100 бала демеушілердің көмегімен қамтылған.

Сонымен қатар, биыл жоғарғы оқу орындарына тапсырған балаларға облыс әкімінің 250 гранты бөлініп отыр. Оның ішінде 150 грант көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетімдерге, толық емес отбасылардың балаларына, мүгедек балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандардың балаларына берілді.Осыған байланысты өңірдегі маман жетіспеушілігі шешіліп келеді. Биыл 862 жас маман жұмысқа қабылданды.

Амандық Баталовтың айтуына қарағанда, жаңа оқу жылы басталғанша барлық мектептерді тағы бір тексеріп, педагогтармен әңгімелесіп шығу керек. Сондай-ақ, вакцина салу қарқынын арттыру қажеттігін тілге тиек етті.

Қысқасын айтқанда, облыстың білім беру мекемелері жаңа оқу жылына 100%-ға дайын. Биыл бастауыш сынып партасына 50 мыңға жуық оқушы отырады. Болжам бойынша жаңа оқу жылында аймақтағы оқушылардың саны 440 мыңға жетеді.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях