Сонау бір күндей күркіреп өткен сұрапыл соғысқа қатысқан жүздеген қарасайлықтар да қан майданның қақ ортасында жүріп, елін, жерін ерен ерлікпен қорғады. Отан үшін от кешкендердің сапында Қырғауылды ауылында тұратын 99 жастағы Керімтаев Иса атамыз да бар. Иса Төлеңгітұлы өткен ғасырдағы 1921 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Райымбек (бұрынғы ВОГПУ-дың қосалқы шаруашылығы) ауылында дүниеге келген. 1928-1935 жылдары Жамбыл облысындағы қазіргі Отар стансасындағы мектепте оқыпты. Ал, 1936-1940 жылдары бойында жігер отты жалындаған, талабы таудай бозбала ҚазПИ-дің Түрген ауылындағы педагогикалық жұмысшылар факультетінде білім алған. Оны бітіргеннен кейін Қаскелең ауданындағы Ленин және Бірінші Май мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі болған. Жас ұстаздың жұмысы осылай жалғаса берер еді… Бірақ, көп ұзамай ашық аспанды қап-қара бұлт торлап, дүниенің астаң-кестеңі шықты, елдің батысынан естілген «Соғыс!» деген сұмдық суық сөз байтақ қазақ жеріне де «едел-жедел жетті»… Сөйтіп, 1942 жылы қазан айында ол да қолына қару алып, Отанын қорғауға аттанады. Осылайша Иса атаның 7-ші гвардиялық дивизияның полковник Калощин басқаратын 326-шы гвардиялық миномет полкы қатарындағы сан мәрте сойқан соғысқа кірген ауыр жорық жолдары басталады. Алдымен қандыкөйлек қаруластарымен бірге Украина мен Белоруссия жерін азат ету үшін неміс-фашистерімен алапат айқасқа түседі. Аға лейтенант атамыздың кеудесінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков» және т.б.көптеген медаль жарқырайды. Бұл, әрине, оның майдан даласында қарша бораған оқтың ортасынан оралғанын айғақтайды. 1946 жылы елге қайтысымен бейбіт өмірдегі еңбегін тағы да ұстаздықтан бастап, Жаңатұрмыс ауылындағы бастауыш мектептің меңгерушілігіне тағайындалған. Бір қызығы, 1947-1949 жылдары Алматы шет тілдер институтында оқып, ағылшын тілін меңгеріпті… Тіпті, Шамалған стансасындағы «ВЛКСМ-нің ХХХ жылдығы» мектебі мен Ушинский мектебінде осы тілден сабақ та беріпті. Ал, 1953-1983 жылдары табан аудармай аталған Ушинский мектебінің директоры болып, осы білім ұясына көп еңбегін сіңірді. Міне, жүз жасап отырған майдангер атамыз Иса Төлеңгітұлы осындай жан. Ұлы Жеңіс мерекесімен, ардақты майдангер ата!
СВЕРНУТЬ