Қарасай ауданының әкімі Ж.Далабаев АХАЖ бөлімінің басшысын құрметті демалысқа шығуымен құттықтады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
АХАЖ дегенде көптің ойында неке қию рәсімі ғана сақталатыны белгілі. Шын мәнісіне келгенде, бұл қызметтің жауапкершілігі жоғары, қоғам алдында атқарар міндеті маңызды. Мәселен, бұл бөлімде балалардың дүниеге келуі, ерлі-зайыптылардың некеге тұруы сияқты адамның өмірдерегіне қатысты қажетті ақпараттар сақталады. Осындай жауапкершілігі мол қызметте талай жыл еңбек етіп, осы саланың ілгерілеуіне өз үлесін қосқан, Қарасай ауданы әкімі аппаратының заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімнің бас маманы, Қарасай аудандық АХАЖ бөлімінің басшысы Қарлыға Бұғыбаева зейнетке шықты.
Қарлыға Мұхаметбайқызының құрметті еңбек демалысына шығуымен бүгін аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы құттықтады. Аудан басшысы білікті маманның қаншама жылдар бойы атқарған қызметін жоғары бағалап, өз атынан Құрмет грамотасын тапсырды. Оның АХАЖ саласында атқарған істеріне алғысын жеткізіп, алдағы өміріне жақсылық тіледі.