Бүгін Жамбыл ауылдық округіндегі Ұлан ауылында жергілікті тұрғындар аудандық сот қызметкерлерімен кездесті. Н. Крупская мектебінде өткен жиынның мақсаты халыққа Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын насихаттау, жұртшылықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сот жүйесінің жұмысымен таныстыру болды. Бұл семинарды Қарасай аудандық сот төрағасы Мәди Көшікбаев пен судья Роллан Дүйсенбиев жүргізіп отырды.
Жиын барысында Мәди Жаубасарұлы жиналған ауыл тұрғындары мен мұғалімдерге баяндама жасап, еліміздің сот жүйесіне кеңінен тоқталды. Атап айтар болсақ, аудандық, облыстық және Жоғарғы сотқа жүгіну жолдарымен, іс жүргізу барысымен таныстырды. Бір қуантарлығы, қазіргі таңда көп мүмкіндіктер ашылып, кез келген азамат үйінде отырып та электронды түрде арыз бере алады. Ал, егер де, қандай да бір жағдайда сот қызметкерлері дөрекілік танытып немесе құзыретін асыра пайдаланса, сенім телефонына (799 03) хабарласып, шағымдануға болады. Өз кезегінде Роллан Сәбитұлы Ұлт Көшбасшысының заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған саясатын да тілге тиек етті. Негізінен олар халыққа сот жазалаушы емес, керісінше, бітістіруші, құқықтар мен бостандықтарды қорғаушы орган екендігін ұғындырды.
Кездесу барысында көпшілік те көкейдегі сұрақтарын қойды. Сот қызметкерлерімен ашық сұхбат өрбітіп, көкейде жүрген көп сауалдарының жауабын да алды.