Қызылорда облысы Шиелі аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алу сайтында лот жариялап, онда бір литр сүттің бағасын 14,5 млн деп көрсеткен. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Naqty.kz.
astanatv.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, сүттің құнын қолдан өсіргендерге ұсыныс жолданып, нәтижесінде сүт бағасы 223 теңгеге төмендетілген.
Қармақшы ауданындағы №275 мектеп қызметкерлері де 1 күртені 1,5 млн теңгеге бағалағаны белгілі болды. Олар 208 млн теңгеден астам қаржыға 125 күртеше алмақ болған. Тексерістен кейін күртенің бағасы 16 700 теңгеге түсірілген. Нәтижесінде 206 млн теңгеден аса қаржы үнемделді.
– Мониторинг қорытындысымен 80-нен аса мемлекеттік мекемелерге ұсыныс жолданып, 3,3 млрд теңге көлемінде мемлекет қаржысы үнемделуіне қол жеткізілді. 2022 жылдың 2 айында 17 мекемеге жолданған ұсыныстардың нәтижесінде жалпы соммасы 351 млн 230 мың теңге бюджет қаражаты үнемделді, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ғалия Әлімқұлова.