Өрт – аса қауіпті, аяғы қайғылы жағдайға әкелуі әбден мүмкін табиғи апат. Сондықтан оның салдарымен күрескеннен гөрі оның алдын алған жөн. Осы орайда бүгін аудан аумағында Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен ауқымды түрде өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткізілді, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Шара барысында арнайы келген Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Самат Кенжеханұлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков пен аудандық прокуратура өкілімен бірге жалын пайда болған кезде ерікті өрт сөндіру жасақтарының, мекеме және ұйымдардың дайындығын, қызметкерлердің әзірлігі мен қажетті құрал-жабдықтардың сапасын тексерді. Сондай-ақ жиналғандардың киімдері мен құралдары бойынша қандай өзгерістер енгізу қажеттігін сөз етті. Жалпы шараға 102 адам мен 13 арнайы техника жұмылдырылды.
Саптық жиыннан кейін ерікті өрт сөндіру жасақтары мен «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері далалық жерде өрт пайда болған сәтте қалай әрекет ететіндерін, өздерінің тілсіз жаумен күресу кезінде қолданатын әдістерін көрсетті.
Бұған қоса бұл күні жас еріктілер құтқарушылармен бірге үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздіктің негізгі талаптарын, үй маңындағы аумақты қоқыстан және құрғақ шөптен тазарту кезеңінде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігін түсіндіріп, отпен байланысты қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған жадынамалар таратты. Осылайша аудан аумағында жүйелі түрде ұйымдастырылып отыратын оқу-жаттығулардың кезекті жиыны өткізілді. Бұл қарасайлық құтқарушылардың және де мекемелер қызметкерлерінен құралатын ерікті өрт сөндіру жасақтарының тілсіз жаумен күрес бойынша дағдыларын пысықтап, жылдам әрекет етуіне мүмкіндік береді.