Тарлан таланттың 125 жылдығы

Тарлан таланттың 125 жылдығы

Қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындыларды жазған ақын Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына орай Талдықорған қаласында ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бикен Римова атындағы драма театрында өткен шарада алдымен келген қонақтар ақын өз өлеңдерінде жиі айтатын Жетісу жерінін табиғаты бейнеленген суреттер мен Ілиястың әдеби-мемориалды музейінің әкелінген жәдігерлер қойылған көрмені тамашалады. Аталмыш жиынды облыс әкімі Амандық Баталов ашып, Ілияс Жансүгіровтің қазақ руханиятындағы орны туралы сондай-ақ, қаламгердің есімін ұлықтау, мұрасын түгендеу бағытында облыста атқарылған істерді айтып өтті.

Конференция барысында облыс әкімдігінің қолдауымен жуырда жарық көрген 20 томдық жинағы мен «ТҮРКСОЙ» ұйымы шығарған «Үш алып» кітабының тұсауы кесілді. Одан бөлек басқосуда Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушысы, филология ғылымының докторы Мұратбек Иманғазинов, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, филология ғылымының докторы Серікқазы Қорабай ақынның өмірі және еңбектеріне байланысты баяндамалар оқыды.

Мұнан бөлек конференция барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мерейтойлық құттықтау телеграммасы оқытылып, ақынның неремелері Ажар, Жанар, Лейла Жансүгіровалар «Жансүгіров» қорының атынан облыс әкіміне, ақынның әдеби-мемориалды музейіне, Ілияс Жансүгіров атындағы университетке ақынның ағылшын тіліне аударылып, жарық көрген кітаптарын сыйға тартты. Сол сияқты ақын шығармашылығын зерттеуге, насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға тарлан таланттың ұрпақтары грамоталар тапсырды, ал, Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевқа білім ордасының Ілияс төсбелгісін тақты. Сонымен қатар, шарада мерейтой аясында өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.

Конференция соңы «Талдықорған» ипподромында ат жарысымен жалғасты.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях