Қазақстан халқының бірлігі күні аясында Талдықорғанда тәулігіне 500 тонна майлы дақыл өңдейтін, жалпы құны 5,8 млрд. теңге болатын жаңа зауыт ашылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өндіріс орнының ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық қаһарманы, Еңбек Ері Сергей Терещенко және белгілі кәсіпкер Темірхан Досмұхамбетов қатысты.
Облыс әкімі Амандық Баталов алдымен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай тілегін білдіріп, мамыр мерекесінің маңызын атап өтті:
– Бүгін елімізде ерекше мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні. Біз жетістіктеріміздің барлығына береке-бірлігіміздің, татулығымыздың арқасында қол жеткіздік. Алматы облысында 100-ден астам этос өкілдері тұрады және олардың әрқайсысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлестерін қосуда. Олардың арасында кәсіпкерлер мен инвесторлар көп. Бүгін біз бірлесіп «Талдықорған» индустриалды аймағында майлы дақылдар өңдеп, өсімдік майын шығаратын «Жетісу-Мажико» зауытын іске қосып отырмыз. Инвесторларға зор алғыс айтамын. Біз өз тарапымыздан индустриалды аймақ құрып, оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз еттік, – деді облыс басшысы.
Кәсіпорынның лентасын қию дәстүрі атқарылып, жаңа зауыт жұмысына кірісті. Мұнан соң қонақтар зауыт ішін аралап, оның жұмысымен «Жетісу-Мажико» агрокешені» ЖШС президенті Сергей Симонов таныстырды.
Жаңа зауыт ыстықтай сығымдау тәсілімен өсімдік майын шығарады. Ол тәулігіне 500 тонна рапс және 400 тонна күнбағыс өңдейді, соның нәтижесінде өсімдік майы мен жом өндіріледі. Бүгінгі күні зауыт шикізатпен 100 процент қамтылған, неміс өндірушілерінің құрал-жабдықтары орнатылған, сол арқылы алынатын өнім сапасын жақсарту үшін майлы дақыл тұқымдарын экструзионды технологиямен өңдеу қолданылады. Дайын өнім жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар таяу болашақта Қытайға экспортталады.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақын арада Талдықорғанда жалпы құны 22,9 млрд. теңге болатын, 528 жаңа жұмыс орындарын құратын тағы 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылады («Лунюань Жетысу», «Green Techology Partners», «Алмаз Керамикс» ЖШС-лары), соның екеуі «Талдықорған» индустриалды аймағына орналастырылады.