Әділеттілік пен тәртіптің салтанат құруын қатаң қадағалауына алатын Фемида қызметкерлеріне құрмет көрсетпесеңіз, қомақты айыппұл арқалайсыз. Тіпті, әкімшілік қамаққа алынуыңыз мүмкін екенін білесіз бе?
Нақты айтқанда, егер, қолыңызға сотқа шақыру қағазы тигеніне қарамастан, сот процесіне нақты дәлелсіз, себептерсіз келмесеңіз немесе судьяның айтқан ескертуіне не бұйрығына бағынбасаңыз әкімшілік жауапқа тартыласыз. Ондай жағдай орын алғанда, сол қазыға деген құрметсіздігіңіз үшін, ескерту алуыңыз немесе 20 АЕК көлемінде, яғни, 45380 теңге төлеуіңіз мүмкін. Ол аз десеңіз, тағы да 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жағы да қарастырылып қойған. Ал, бір жылдың ішінде осы құқықбұзушылыққа қайта жол берсеңіз, көрсетілген айыппұл 10 АЕК-ке, ал, қамау мерзімі 10 тәулікке дейін ұлғайып кетуі мүмкін.
Бүгін Қарасай аудандық сотының ғимаратында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйымдастыруымен, осы «ҚР ӘҚБтК-нің 653-бабы — «Сотты құрметтемеушілік» бойынша хаттама ресімдеу, істің қаралу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оған аталған екі соттан бөлек тағы Алматы облыстық №2 кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьялары, сот мәжілісінің хатшылары, сот жасауылдары қатысты. Қарасай МАӘС-ның судьялары Р.Абдолданова мен Г.Байырбекова жүргізген жиын барысында әділдік сақшылары пікір алмасып, тақырыпқа қатысты кейбір мәселелер жөнінде ой бөлісіп, оларды шешу жолдарын бірге қарастырды.
Айта кетейік, былтыр ауданымыздағы әкімшілік сотта мұндай 3 іс қаралған.