Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылдық округіндегі Үштерек ауылында 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Айта кетейік, бұған дейін ауыл тұрғындарына медициналық қызметті 1969 жылы ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт көрсетіп келген. Оның ғимарыты сонау Кеңестер одағы кезінде салынғандықтан, әрі шағын болғандықтан, халыққа жақсы дәрежеде қызмет көрсетуге мүмкіндік жоқ еді. Оның үстіне талаптарға сәйкес, ФАП-та қызметкерлер саны шектеулі. Осы жылға дейін бұл мәселе айтарлықтай өзекті болып келген.
Ағымдағы жылы талай жылдар бойы жиналыстарда сан мәрте талқыланып келген мәселе өз шешімін тауып, халықтың қалауы орындалып, ауылдағы ескі фельдшерлік-акушерлік пунктінің орнына құны 618, 2 млн.теңге болатын 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды.
Бүгінгі таңда үш қабатты ғимараттың ең астыңғысы, яғни жер төлесінің іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылуда. Жұмыстардың бастапқы кезеңіне 20-ға жуық құрылысшы жұмылдырылған. Алдағы уақытта жұмыс қарқынына сай тағы да жұмыскерлер тартылатын болады.
Құрылыстың сапалы жүріп, өз уақытында пайдалануға берілуі облыстық және жергілікті әкімдік тарапынан кадағалануда.