Бүгін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының және «Әкімдердің мәслихат алдына есеп беруін өткізу туралы» Елбасының Жарлығына сәйкес, Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов аудандық мәслихат депутаттарының алдында ағымдағы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстары жайында есеп берді.
Өз кезегінде Е.Тоқтасынов бірқатар жүзеге асқан істердің егжей-тегжейін баяндап, олардың барлығы аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың бастамасымен, бағыт-бағдары арқылы орындалғанын ерекше атап өтті.
Округ әкімінің есебін жиынның төрағасы ретінде аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Атлана Исаева, аудандық мәслихаттың «Заңдылықты сақтау, құқықтық тәртіп және азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасының міндетін атқарушы Қуаныш Баяманов, сондай-ақ, жоғарыда аталған ауылдық округтің атынан сайланған ауданның мәслихат депутаты Сұлтанғазы Қилыбаев тыңдады. Ал, ауданның басқа да мәслихат депутаттары санитарлық талапты сақтау мақсатында есептік жиынға онлайн түрде қатысып отырды.
Округ әкімі Ержас Тоқтасынов ауыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндаған соң, жиынға қатысушылардың тарапынан жеке қойылған және әлеуметтік желі арқылы халықтың атынан жолданған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.