Ұшақпен ұшатын жолаушыларға коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тесттің бағасына жеңілдік жасалады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Бірінші мамырдан бастап Қазақстандағы ірі қалалар арасында ұшақ ұша бастады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің талабы бойынша, жолаушыдар ұшу алдында міндетті түрде ПТР тест тапсырулары керек. Бұл ұшу барысында жолаушылар мен экипаж мүшелері үшін ауру жұқтыру қаупін төмендету үшін қажет, – дейді «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің маркетинг және инновациялар жөнінде директоры Алексей Балась.
Оның айтуынша ұшақпен ұшатын жолаушылар үшін жеңілдік жасалады.
– Біз жолаушыларға қадам жасап, әуе билеттеріне дисконтты картамен есептелетін жеңілдік жасадық. Сонымен бүгінгі таңда тесттің құны барлық жеңілдікті, биоматериалды қоса алғанда 14 346 теңгені құрайды. Ал бала, мүмкіндігі шектеулі адам, зейнеткер сияқты әлеуметтік жеңілдігі бар жолаушылар үшін тағы 5% жеңілдік қосылып, тест құны биоматериалды қоса алғанда 13 549 теңге болады, – дейді ол.