Еліміздің Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу және ашу, экстремизм мен терроризмді болдырмау, жалпы, тұрғындарды тәртіпке шақырып, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтау мақсатында 10 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында Алматы облысы бойынша «Учаске» жедел алдын алу шаралары жүргізіле бастағаны белгілі.
Қараша айының 16-18 күндері аталған шара Қарасай ауданында ұйымдастырылып, оған ауданның жергілікті полиция қызметкерлерімен қатар өзге де аудандар мен қалалардан жиналған тәртіп сақшылары, барлығы 260 құқыққорғаушы атсалысқан болатын.
Қарасай аудандық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Е.Ахметжановтың берген мәліметіне сүйенсек, нәтижесінде, Қарасай ауданыны бойынша әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген 302 азаматқа хаттама толтырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 188, 296, 293, 190, 191, 107 баптары, атап айтқанда, ұрлық, бұзақылық, қарақшылық, алаяқтық, біреудің денсаулығына қасақана зиян келтіру, тонау бойынша 14 қылмыс ашылған.
Осы үш күнде ауылдық округтерде 14744 аула, 5735 саяжай тексеріліп, Қаскелең қаласы мен өзге де елді мекендерде 98 көші-қон заңдылығын бұзу жағдайлары анықталған. Олардың басым бөлігі көршілес Өзбекстан мемлекетінің азаматтары болып шыққан. Соған сәйкес, 31 адам аудандық қабылдау-тарату орынына жеткізіліп, соның ішіндегі сегізіне әкімшілік қамауға алу жөнінде қаулы шығарылған.
Аудан бойынша, 448 қару-жарақ сақтаушы тексеріліп, 34-нің қайта тіркеуден өтпегені анықталған. Сондай-ақ, 41 қару тәркіленген. Бұдан бөлек, бұрын сотты болғандар, ішімдікке салынғандар, нашақорлар, жүйке жүйесінің ауытқушылығымен есепте тұрғандар, барлығы 212 адамның қазіргі тіршілігі бе назарға алынып, бақыланған.
Жалпы, үш күнге созылған бұл жедел алдын алу шарасы кезінде осындай үлкен жұмыс атқарылып, жақсы нәтижелерге қол жеткізілген. Ең бастысы полиция қызметкерлерінің біліктілігімен қатар беделі де артып, оларға деген халық сенімі жоғарылай түскендей.