Ел әлеуетін көтеріп, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасының шапағаты барлық өңірді шарпып, республикадан бөлінген қаражаттың арқасында бүгінде біздің ауданымызда да сегіз мектептің құрылысы жүзеге асуда. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиев оларды арнайы барып аралап көріп, жұмыс барысымен танысты.
Облыс бойынша осындай нысандардың техникалық жағдайына қадағалау жүргізетін «УКС» ЖШС-нің директоры А.Шормақов және аудан әкімінің орынбасары Н.Жұмәділ, құрылыс бөлімінің басшысы М.Анарқұлов, тиісті округ әкімдері, сондай-ақ, құрамында жобалаушы мекеме өкілдері болған комиссия олардың әрқайсысын жіті тексеріп, іс қарқынын саралап көрді.
Бұл ретте, Райымбек округіне қарасты Абай ауылындағы 1200 орынға арналған орта мектепті салып жатқан «Проект Аида» ЖШС мен Қырғауылды ауылындағы 900 орындық жапсарма құрылысын мойнына алған «Alatau Construction» ЖШС-нің еңбегіне оң баға берілді. Ал, Іргелідегі 1200, Жамбыл және Береке ауылдарындағы 600 балаға есептелген білім ошақтарының құрылысы кестеге сәйкес жүзеге асып жатса, Исаев, Көлащы, Шалқар елді мекендерінде бой көтеріп жатқан мектеп мердігерлерінің жұмысында біраз шикіліктер анықталғанын да айта кеткен жөн.
Барлығын өз көзімен көріп, жауапты басшылар мен сала мамандарының пікірін тыңдап, бағамдаған аудан әкімі қандай жағдайда бұл нысандар кестеге сәйкес белгіленген мерзімде қолданысқа берілуі керектігін, сонымен қатар, құрылыстың сапалы болуы қажеттігін қатаң ескертті. Еңбек күшін арттырып, екі ауысыммен жұмыс істеу өнімді болатыны айтылып, жақын арада тағы да техникалық қадағалау кеңесі өтетіні де сөз етілді.
Қысқасы, мемлекеттен бөлінген қаражаттың уақытылы әрі мақсатты игерілуі, әлеуметтік нысандардың ел игілігіне дұрыс берілуі жіті бақылауда болмақ.