Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты қабылдады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында облыс басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы және Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Өз кезегінде ел Президенті Жолдауда белгіленген әлеуметтік шараларды орындаудың және пандемия жағдайында шағын және орта бизнесті қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Жетісу өңірінің басшысы Президентке тұрғындарды, әсіресе әлеуметтік аз қамтылғандар санатындағы азаматтарды «5-10-20» және «7-20-25» бағдарламалары аясында баспанамен қамту жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамыту және инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Облыс әкімі ішкі туризмді одан ары дамыту, пандемия жағдайында оқу үдерісін ұйымдастыру шаралары туралы айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы облыстың белгіленген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін қамтамасыз етуді тапсырды.