Жат ағымға қарсы күшіміз – бірлікте

Жат ағымға қарсы күшіміз – бірлікте

Елімізде дәстүрлі емес діни бағыттағы азаматтардың сан көрсеткішінің төмендемеуі айтарлықтай алаңдатушылық тудыруда. Осыған орай республикамызда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс- қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып жатыр. Соның аясындағы жиындардың бірі ретінде кеше аудандық әкімдікте өткен «Терроризм мен экстремизм көріністерінің алдын алу және болдырмау» тақырыбында өткен дөңгелек үстелді айта аламыз. Аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева жүргізген басқосуға баяндамашылармен қатар имамдар, ақпараттық- түсіндіру тобының мүшелері, осы салаға жауапты мамандар, тарих пәні мен дінтану факультативтерінің мұғалімдері, жастар жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен Айжан Нұрділдәқызы ауданымыздағы теріс пиғылды «дін ұстанушылардың» азаймауына қатысты бірнеше факторға тоқталды. Атап айтқанда, Алматы қаласына жақын орналасқан мекеніміз үлкен миграция орталығына айналуы, көшіп келушілердің көптігі, Қарасай ауданындағы пәтерлер мен саяжайлардың қолжетімділігі және үлкен базарлардың шоғырлануы. Міне, осы мәселелер дәстүрлі емес ағымдарға еліктеушілердің өсуіне және олардың жолын кесуде қиындықтар тудыруда.

Басқосу барысында аудан әкімі аппаратының заң және мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Асқар Мұқашев сөз алып, баяндама оқыды. Аталған маман ақпарат беріп қана қоймай, өз ұсынысын білдірді. Оның пікірінше, дінге қызығушылар арасында пікірсайыс ортасын құру бұл індетке қарсы тұру жолының бір тармағы бола алады. Өз кезегінде аудандық жастар саясатының жетекшісі Мәдина Нұрланова да осы мәселеге қатысты атқарған істері жайында баяндады. Өскелең ұрпақ арасында дөңгелек үстел, спорттық және танымдық жарыстар өткізіп жүргендіктерімен көпшілікті хабардар етті. Ал, осы саланың басы қасында жүрген теолог- маман Азат Үкібаев елімізде құрылған Қазақстан мұсұлмандар діни басқармасы (ҚМДБ) бар екендігін, дәстүрлі дін істеріне толықтай жауапты екендігін және сырттан білім аламын деушілерге ресми жолмен барудың дұрыстығын ескертті. Барша тұрғындарды мемлекетіміздегі мешіттер мен медреселерлен қорықпай білім алуға шақырды. Сонымен қатар, Қарасай ауданының бас имамы Ернар Мәжен аяттар мен хадистерден мысал келтіре отырып, «ислам», «мұсұлман» сөздеріне түсініктеме берді. Терроризммен күресем деп дінмен күресіп алмау керектігін тілге тиек еткен ауданның бас имамы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір хадисінде «Шынайы мұсылман – өзгеге тілімен де қолымен де зиян тигізбеген адам» деп, дін ұстанушылардың татулықты сүйетін бейбіт болу керектігін жиналғандарға жеткізді.

Осылайша күн тәртібіндегі өзекті мәселені талқыға салған жиынды Айжан Назарбаева кең тараған індеттің алдын алып, тоқтатудың жолы бірлікте екендігін айтып, дөңгелек үстелді қорытындылады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях