Кеше «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының және «Әкімдердің мәслихат алдына есеп беруін өткізу туралы» Елбасының Жарлығына сәйкес, Жандосов ауылдық округінің әкімі Мерхат Ахметов аудандық мәслихат депутаттарының алдында ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстары жайында есеп берді.
Округ басшысының есебін жиынның төрағасы ретінде аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Атлана Исаева, жоғарыда аталған ауылдық округтің атынан сайланған ауданның мәслихат депутаты Қуаныш Баяманов, сондай-ақ, Бауыржан Айнабеков, Евгений Выгай сынды депутаттар тыңдады. Ал, ауданның басқа да халық қалаулылары есептік жиынға онлайн түрде қатысып отырды.
Округ басшысы Мерхат Ахметов өзі басшылық етіп отырған өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайын таныстырып, алдағы жұмыс жоспарына да кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ол ауыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндаған соң, жиынға қатысушылардың тарапынан жеке қойылған және әлеуметтік желі арқылы халықтың атынан жолданған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.