Жамбылдың жырына сүйсініп, Кененнің әнінен нәр алған жан

Жамбылдың жырына сүйсініп, Кененнің әнінен нәр алған жан

Ол — өзі туған топырақтан нәр алып, аталарынан қанмен берілген ерекше дарынды бойына сіңіріп, әкенің қатал тәрбиесімен ер жетіп, ананың шексіз мейірімімен келген кішіпейілдік пен кеңдік арқылы айналасын досқа толтырып, бүгінде өзіне ғана тән қоңыр үнімен халқының қошемет-құрметіне ие болып жүрген жан. Тік кеуделік пен тәккәпарлықтан ада санасында тек тәңірдің сыйындай қабылдайтын тағдырына ризашылық, өнері мен өміріне деген риясыз махаббат, ұлтынына, Отанына деген шексіз сүйіспеншілік ұялаған азамат. Жыр алыбы Жамбылдың табаны тиген өлкеде дүние есігін ашып, екі жасында қазақ халқының жүз жылда бір туар ерекше тұлғасының тізесіне отырып батасын алғанын ол басына қонған бағына балайды. Сондықтан да, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» сияқты құрметті атақтарға қарағанда ол үшін  

«Кененнің әні – «Бозторғай», орындайтын — «Қара торғай», «Кененнің әні – «Көкшолақ», орындайтын – «Қара шолақ» дегендей, өнер әлеміндегі өзіндік қолтаңбасын айғақтайтындай, тілегі ортақ, ниеттес достарының қойған лақап аттары әлдеқайда бағалы. Әрине, ол – Саят Медеуов.

          1973 жылы 7 қарашада Қордай ауданына қарасты Кенен Әзірбаев ауылында, қарапайым ұстаның отбасында өмірге келген отбасының сүт суалтқан кенжесі есейіп, ер жеткенде еліне осылай ерекше қабілетімен еленетінін кім болжады екен? «Әуелі тәңір жерге береді, жерге берсе елге береді, елге берсе ерге береді» деген ғой халық даналығы. Әйтеуір, атадан ұрпаққа мирас болып жеткен дарын қатарластарынан аса даралана қоймаған қара баланың арманына қанат бітіріп, еркіндікке ерте жетелегені анық.

Сегізінші сыныптан соң Саят Қабылұлы ауылдан жырақтап, Алматы  № 14 техникалық кәсіптік училищесіне түсіп, осында қазақтың ұлттық аспаптарын жасауға машықтанады. Басқа оқуларға қарсылығын білдірсе де, қатал әке бұл кезде жолын қуып, ұсталыққа бет бұрар деген үмітпен баласына ақ батасын берген еді. Десе де, бұл қиыны мен қызығы қатар жүретін өлшеулі өмірде бір нәрсеге екінші нәрсе себепкер болып тұрады емес пе? Әйтеуір, тағдыр тараулары оны бәрібір өнер әлеміне жетелеп әкеліп, сахна төріне орнықтырды.

Бұл училищеде «Жас шебер» оркестрі жұмыс істеді. Қолдан жасалған ұлттық аспаптың әуезді үнін әуелеткен шығармашылық топ қазақ халқының кереметтей құндылығын насихаттап, ел ішін ғана емес, Ташкент, Түркіменстан, Мәскеу, басқа да Қара теңіздің жағасындағы елдерді гастрольдік сапарлармен кезіп жүрді. Саят мұнда ән айтты, күй тартты. Осы оркестрдің жетекшісі, кейіннен кейіпкеріміздің өкіл әкесі болған Серік Нұртазин оған үлкен қолдау көрсетті. Бұл сол тоқсаныншы жылдардың соңы еді. «Тамаша» ойын-сауық отауының орны ерекше болып, былайша айтқанда, «дүрілдеп» тұрған шағы ғой. Оның негізін қалаған Ұлықпан Есенов театрдың 20 жылдығына арнап 20 домбыра жасауға тапсырыс беріпті. Күні-түні еңбектеніп, өз қолымен жасаған Саяттың сол аспаптары мерекелік кеште талай танымал тұлғаларға сыйлық ретінде тарту етілгенін де айта кеткен жөн.

Кейіннен жалынды жас жігіт бойындағы әншілігін жетілдіру үшін казіргі Қаскелең мәдениет колледжіне  оқуға түсті. Алып мегаполистің сыртындағы шағын қаладағы өнер ордасы Саяттың үлкен сахнаға шығуына жақсы баспалдақ, айтарлықтай себепкер болды десек, асыра айтпаспыз. Себебі, дәл осындағы оның Мағауия Қозыбағар есімді қатарласымен таныстығы әрі қарай үлкен, орталарынан қыл өтпес достыққа ұласты. Актер болуға ұмтылған сол досы бүгінде «Күлкістан» әзіл-сықақ отауының директоры екенін көпшілік біледі. Сол шақта жас жігіттің бойындағы жақсы қабілетті аңғарған, Саятқа жол көрсетуші ұстазы С.Нұртазин Мағауияның өнер академиясының түлегі болуына қолдау көрсетсе, кейіннен өнер әлеміне жолы ашылған Мағауия Саятты келешегінің кемел болуына ықпал етер көп жақсылармен жолықтырған. Әсіресе, қоңыр үнді дауысына тәнті болған Ұлықпан Есенов, «Сен Кененнің батасын алсаң, мен оның қолынан құлақ жегенмін» деп, қолына қара домбырасын ұстатып, Кенен атасының «Бастау» атты термесін орындатып, 1998 жылы «Тамашаның» сахнасына шығарған. Осылай Саят халыққа танылып кете барды. Бастапқыда домбырасын қолынан тастамаған әнші бірте-бірте эстрадаға ойысып, репертуарын құлақ құрышын қандыратын терең мағыналы әсем әндермен толықтыра берді. Бұл ретте кейіпкеріміз Ұлықпан Жолдасов, Бағлан Омаров, Ербол Сыпаналиев сияқты ағаларының есімін ерекше құрметпен ауызға алады.

Әр әншінің бағын ашатын бір туынды болады. Саят Медеуов үшін сондай ән – Кенен атасының «Бозторғайы».

Қазіргі таңда Саят Қабылұлы, сонымен қатар, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты. Өрелі өнерімен елін қуантып жүрген дарын иесі енді қолынан келген көмегімен де қандай да бір пайдасын тигізуге ниетті. Қашан да бейбіт аспан астында күн кешіп жатқандығын, ынтымақ-ырысы тасыған жұртшылық ортасында жүргенін тәңірдің сыйындай қабылдайтын ол осы игіліктердің ұйытқысы – Елбасының сарабдал саясатына қай кезде де қолдау білдіреді. Ал, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған көптеген келелі мәселелер өзінің де көкейінде ұялаған жайттармен үндес екенін, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымызды сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету үшін онда айтылған дүниелер аса қажет екенін де тілге тиек етті.

Асқақ арман адамды алға жетелейді. Бойдағы қуатты қайнатып, ертеңгі мұратыңды жандыратын ол болмаса өмір мәнді болар ма еді? Бірақ, кейіпкеріміз үшін ең басты арман – ел тыныштығы. Өйткені, қоғам ішіндегі өзгерістер, отбасындағы түрлі жағдайлар, оның барлығы уақыт еншісіндегі құбылыстар деп біледі. Содан кейін, ата-анасының амандығын тілейді Алладан. Қазірдің өзінде қаланың күйбеңінен жалт беріп, туған жерге асыққандағы «Ауылға, үйге бара жатырмын» деген сөздің өзін ұлы бақытқа балайды. Өйткені, босағада асқар таудай әкесінің, ақылман анасының күтіп отырғанын, қара шаңырақтың төрінде аунап қайтатынын біледі. Ал, олардың көзі тайғанда, «Бауырымның үйіне қонаққа бара жатырмын…» деуден қорқады. Әрине, бұл орынды да…

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях