Жемісі мол жылыжай

Жемісі мол жылыжай

Ауданымыздың Жамбыл округіне қарасты Қошмамбет ауылындағы «Агро Импекс Алатау» ЖШС жылыжай кешені көкөніс өсіру ісін оңтайлы жолға қойып, қанатын кеңге жайып келе жатқан мекемелердің бірі.

Жылына 800 тонна қияр және маусым кезінде аптасына 25-35 тонна қызанақ өндіріп, еліміздің ішкі нарығына қамтып қана қоймай, шетелге де экспорттап, келешекке де көптеген мақсат-мұраттарды жоспарлап отырған жылыжай жұмысымен бүгін аудан әкімі Махаббат Бигелдиев арнайы ат басын бұрып, танысып қайтты. Аудан басшысын және онымен ере барған аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшкімбаевты, басқа да тиісті сала өкілдерін аталған кешен бастығы Еркін Сағиев өзі қарсы алып, өндіріс орынының тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Жалпы, 2 га аумақты құрайтын, пленкалы жабынды жылыжай ашылған алғашқы жылы тек қияр ғана өсіріп, айтарлықтай жақсы көрсеткіштерге, жетістіктерге қол жеткізе білген. Ал, қызанақ жинауды биыл ғана қолға алған. Нәтиже жаман емес. Аптасына 18 тонна өнімді Ресейге жіберсе, сонша көкөністі ел нарығына ұсынуда. Әрине, бұл ең алдымен ауызбіршілікпен еңбекке ентелей ұмтылған ұжымдағы 40 адамның берекелі ісінің жемісі болса керек. Жұмысшылар үшін де жақсы жағдайлар қарастырылып, ынталандыру жағы да ойластырылған. Бұл ретте, ең үлкен жауапкершілік Украинадағы бас агроном Сергей Морозовқа және сол жақтан келген тағы бір маман Петр Прудниковқа жүктелетіні де анық. Себебі, аса байыпты бап пен үздіксіз күтімді қажет ететін көкөністер үшін аздаған салғырттықтың өзі үлкен қауіп төндірмек.

Жылыжайдық коммерциялық директоры Нұрлан Мамыровтың сөзіне сүйенсек, мұнда су жер асты құбыры арқылы сүзгіден тазаланып келеді. Тамшылатып суғару әдісі пайдаланылатын жасыл мекен көгілдір отынмен жылытылып, тыңайтқыштар негізінен Ресейден жеткізіледі. Тіпті, жемістерді тозаңдандырып, зиянкестерден тазалайтын арнайы қоңыздар мен пайдалы жәндіктер шетелден қыруар қаржыға алдырылған көрінеді. Биыл өндіріс басшылығы жаңа жобаларды қолға алған. Атап айтқанда, барлығы 12 га аумақты алып жатқан жерден тағы да 3 гектарды құрайтын жаңа жылыжай салынуда. Оның ерекшелігі – әйнекпен жабылатын өсіру орнының биікті 6,5 метр, аумағы кең болмақ және тиісінше өнім де одан мол алынбақ.

Махаббат Садуақасұлы бұл жаңа жылыжайдың құрылысын қолға алған ауданымыздағы Елтай ауылдық округінде былтыр ғана ашылған «Holland Green Tech» зауытының директоры Бауыржан Баймұханбетовпен де тілдесіп, жұмыстың жай-жапсарын сұрады. Іс барысы дұрыс болса, голландық технологиямен салынып жатқан және сол бойынша жұмыс істейтін жасыл мекен келесі жылы шілдеде толық аяқталады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, «Агро Импекс Алатау» ЖШС интенсивті бау-бақша өсіруді де қолға алуды жоспарлап қойған. Бұл мақсатта қазір тәжірибе ретінде 5 сотық жерге алма ағашы да отырғызылыпты.

Жылыжайдың тыныс-тіршілігіне көңілі толған аудан әкімі мекеме басшылығына және ұжымның алдағы межелі мұраттарына сәттілік тіледі.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях