Жаңа сайланған Президент Қ.Тоқаев Қазақстан Үкіметі отставкаға кетпейтінін және оның құрамына жастар да тартылатынын айтты, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы. Бұл туралы ҚазАқпарат сайтында жария болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде Үкіметтің құрамы тарқамайтынын түсіндіріп, олардың қатарын білімді жастармен толығатынын жеткізді.
– Біздің заңнамамызға сәйкес Үкімет отставкаға кетпейді. Дегенмен, нақты-нақты кадрлық ауыс-түйіс болады. Бұған дейін атап өткенімдей, Үкіметке жаңа тұлғалар, оның ішінде жастар өкілі тартылады. Меніңше, барынша қабілетті кадрларды тарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Қ.Тоқаев жас буын өкілдерінің ішінде тәжірибелі кадрларды тарту керектігін айтты. Осы орайда, «Президенттік кадрлық резерв» дайындауға әзір екенін еске салып, оған әр аймақтан 300 адам кіретінін де қосымша тілге тиек етті.