Теміржол желісі мен автокөлік даңғылы қатар ашылды

Теміржол желісі мен автокөлік даңғылы қатар ашылды

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, ел экономикасын көтеруге үлкен септігін тигізіп келеді. Бүгін Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінде осы бағдарлама аясында салынған Алматы – Шу теміржол желісінің екінші телімі мен шойынжол үстінен өтетін Алматы – Шамалған автокөлік даңғылы қатар қолданысқа берілді.

Ақсеңгір станциясындағы салтанатты шараға «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ басшысы Қанат Алпысбаев, облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров, Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысып, қос қуанышты жергілікті халықпен бірге бөлісті.

Өзінің құттықтау сөзінде Қ.Алпысбаев жаңа жолдың трансқазақстандық тың бағдарламаларды дамытуға мүмкіндік беретінін, пойыз қозғалысын жеделдетіп, өңірлердің коммуникациялық байланысын одан әрі арттыратындығын атап өтті.

Шын мәнінде де, жобаның өңір ғана емес, жалпы республика экономикасы үшін маңызы зор. Екі жыл ішінде аяқталған теміржол телімінің ұзындығы 113 шақырымды құрайды. Осы құрылыс арқылы 16 станция жаңғыртылып, 13 көпір мен жол өткелі имараты, 156 шақырымға электр желісі мен басқа да өндірістік инфрақұрылымдық нысандар тұрғызылды.  Бұл нысан қолданысқа берілу арқылы бір жылға есептегенде жүк тасымалы 37,8 млн. тоннаға, жолаушы тасымалы 540 мың адамға өсті. 2015 жылы басталған құрылыс жұмыстарына 38,1 млрд. теңге қарастырылып, оны «Жолжөндеуші» ЖШС мен «Теміржол жөндеу» ЖШС жүзеге асырған.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімінің орынбасары А.Байжанов та Жетісу жұртшылығы атынан шойынжол басшылығына алғысын білдіріп, алдағы көп жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жолаушы тасымалдау саласының ардагері Қ.Сәмбетов та өзінің жақсы тілегін жеткізді.

Елтайлықтар үшін және осындағы темір жол өткелінен өтетіндер үшін мұндағы сағаттап тұрып қалатын көлік кептелістері үлкен қиындық туғызатын. Енді, салынған 1,7 шақырымдық Елтай – Мерей жаңа автокөлік жолы арқылы бұл мәселе шешімін тапты. Бұл өткел арқылы тәулігіне шамамен 17 мың темір тұлпар өтетін болады.

Салтанатты шараның соңында аталған құрметті қонақтар тетікті басып, Ақсеңгір станциясынан Қытай – Еуропа транзиттік контейнерлік пойызы мен «Тұлпар – Тальго» жүрдек жолаушылар отарбасына сәт-сапар тіледі. Осылай шойынжолдың дүрсілі естіліп, оның үстіндегі автожолдан да темір тұлпарларлар әрі-бері жүйітки бастады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях