Тарихқа тағзым, қарттарға құрмет, рухани сабақтастық

Тарихқа тағзым, қарттарға құрмет, рухани сабақтастық

Елімізде жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы мен мақсаты – санасы сау, тарихын танитын, әмбебап бола алатын жаңалыққа құштар, білімдар қоғам қалыптастыру. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды.

Қазіргі таңда, оның аясында Қарасай жеріндегі қазыналы қарияларымыздың қатысуымен өскелең ұрпақты рухани азықтандыратын көптеген кездесулер ұйымдастырылуда. Мәселен, таяуда Ұлан ауылының орта мектебінде тамаша іс-шара өтті. «Тарихқа тағзым» атты мәдени-танымдық жиынға ауданымыздың қариялары, атап айтсақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақлия Бекбайқызы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлықызы бастаған басқада ата-әжелеріміз келіп, аталмыш ауылдың негізін қалауға атсалысқан, сонымен қатар, осы жерде туып-өскен танымал тұлғалардың өмірбаяндары туралы дерек беретін мектеп мұражайының ашылу салтанатына қатысты.

Ең алдымен, барлық қатысушылар жоғарыда айтқанымыздай, мектеп мұражайының ашылып, оның ішінде сақталған жәдігерлермен танысты. Атап айтқанда, онда ауылдан шыққан тыл еңбеккері,  Ұлы Отан соғысы ардагері Аршабек Агыбаев, «Еңбек қызы ту», «Еңбек» орденінің және «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалінің иегері Аңсар Баламамедов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген агрономы Талғат Тегисов және қазақтың тұңғыш пайдалы қазбаларын іздеген Алтынбек Утебеков сынды мәртебелі азаматтардың бейнесі бейнеленген тақта орнатылған. Бұдан бөлек, осы ауылдың тұрғыны, ауданға танымал меценат Серікхан Сәметұлының да өмірбаяны көрсетілген тақта қойылған. Ал, қонақтарға жоғарыда аталған ержүрек аталарымызды, бүгінде осы мектепте оқитын немере, шөберелері таныстырып өтті. Мұнан соң, барлық қатысушылардың алдында, мектептің жас домбырашылары өнер көрсетіп, бір серпілтіп тастады.

Іс-шараның соңғы бөлімі, оқушылар дайындаған шағын концертке ұласты. Онда, балалар сахнаға шығып, жас ақын Сәбит Акрамұлының ұлт, туған жер туралы өлең шумақтарын оқып, мәртебесін көтерді. Сонымен қатар, сөз алған мектеп директоры Бану Аманова ұйымдастырылып отырған іс-шараның мән-маңызына тоқталып, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектепте жасалып жатқан жұмыстарды айта келе, қатысып отырған қадірменді қарияларымызға алғысын білдірді. Мұнан кейін, ортаға аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақлия Бекбайқызы мен «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлықызы мектептің жаңадан ашылған, тағылымы мол мұражайы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, ата-бабаларымыздың жасап кеткен мәдени қазына байлықтарының үлгілеріне қанықтырып, рұхани жетілуіне ықпал болатын, тарихи деректерге толы, жастарға, жалпы қоғам мүшелеріне тәлім-тәрбие беретін ғылыми, мәдени және рухани ошақ болатынына сенім білдірді.

Басқосу аяғында, қонақтар Серікхан Әділхановтың арнайы  дайынған дастарханынан дәм татып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях