Танымал профессордың педагогикалық идеялары талқыланды

Танымал профессордың педагогикалық идеялары талқыланды

Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжі 15 жылдық тарихы бар, білікті жас мамандардың негізін қалайтын ауданымыздағы іргелі білім ордаларының бірі. Бүгін аталған колледж базасында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Замануи білім беру кеңістігіндегі Р.М.Қоянбаевтың прогрессивті педагогикалық идеялары» атты облыстық педагогикалық оқулар өтті. Тақырыбы айтып тұрғандай, облыстық әдістемелік кабинетімен бірлесе ұйымдастырылған шараның мақсаты – профессор Ромсейіт Мұхамеджанұлының еңбектерін оқып, қазіргі қолданыстағы тәжірибені қайта қарап, талқылау, жастарға білікті ұстаздың мол рухани мұрасын таныстыру еді.

Бір күнді толық қамтыған бас қосу алдымен колледждің жиынжайындағы пленарлық отырыстан басталды. Білім ордасының құрылтайшысы Несіпбала Әбенқызы сәттілік тілеп  жиын жұмысын бастап берген соң, өнегелі өсиетімен, ізгілік шапағатымен, ұлағатты еңбегімен еліне кең танылған, ақыл-парасатымен ерек­шеленген қазақтың біртуар азаматы Ромсейіт Мұхамед­жанұлы жайында мол естелік айтылды.

Қысқа қайырып өтсек, Ромсейіт Қоянбаев 1939 жылы 10 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітіріп, Н.В.Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт-Ата атындағы университет) Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түседі. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №171 қазақ орта мектебінде мұғалімнен бастайды. Әр жылдары Қызылорда облыстық партия комите­тінің ғылым және оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы, облыстық партия комитеті бірінші хатшы­сының көмекшісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының көмекшісі қызметін атқарды. 1980 жылдан Абай атындағы Қазақ педагогика инситутының педагогика кафедрасында ұстаздық ете бастайды. 1986-1999 жылдар аралығында бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі факультетінің деканы, 1999-2000 жылдары бастауыш мектеп педагогикасы кафедрасының меңгерушісі, ал 2000-2004 жылдары жаңадан құрылған психология-педагогика факультетінің деканы болады. Содан өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған «Мектепке дейінгі бастауыш білім беру және педагогика» кафедрасында профессор қызметін атқарды.

Жиынға негізінен Р.Қоянбаевтың көзін көріп, алдынан тәлім алған шәкірттері көп келді. Олар Ромсейіт Мұхамеджанұлы егемендігімізді алғанға дейінгі тарихи кезеңде күрделі педагогикалық мәселелерді шешуде салмақтылық танытып, оны дәуірдің заңды құбылысы деп, сол кезеңде қоғамда болатын өзгерістерді алдын ала болжап, жоғары кәсіптік білімі бар бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың оқу-әдістемелік мәселелерімен айналысатын ғылыми-әдістемелік орталық құрғанын мақтанышпен әңгімеледі. Өйткені, сол жылдары болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау бойынша нормативтік құжаттардың болмауы маман даярлауда көптеген қиындықтар келтірген. Яғни, профессор педагогтарды дайындау бағытының еліміздегі жалпыға міндетті білім стандартының жасалуына тікелей басшылық жасады. Ол – жоғары кәсіби білімі бар бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау жүйесінің негізін қалаушы педагог-ғалым.

Ромсейіт аға өзінің көрегендігі мен зерделілігінің арқасында үлкен үмітті шәкірттеріне артатын және оларға азаматтық, ғалымдық, ұстаздық тұрғыда өз кезеңінде үлгі бола білді. Соның бір дәлелі, 1988 жылдан бастап «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша «жас маман» ретінде аталмыш факультетті бітірген шәкірттерін оқытушы етіп жыл сайын алып қалып отырды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, өзі сенім артып, үлкен үміт күткен шәкірт­тері қазір «Қоянбаев мектебін» қалыптастырып, оның салып кеткен сара жолын жалғастырып жүр. Ол педагогика ғылымына қосқан жаңалықтары өзінің өміршеңдігімен, құндылығымен дара еді. Соның бірі – бастауыш білім беру мазмұнының даму болашағы. Бастауыш білім беру мазмұнын анықтаудың теориясы мен тәжірибесіне арнап 1998 жылы қазақ тілінде жазылған «Педагогика» оқулығы Ромсейіт Мұхамеджанұлының өз еңбегі еді,- деп есіне алды ардақты азаматтың шәкірттерінің бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты Ұлбосын Қияқбаева.

Бас қосу барысында сөз алған Р.Қоянбаевтың қызы Гүлнар Қоянбаеваның да әкесі жайлы тебірене тілге тиек еткені көптің көңілінен шықты. Отбасында адал жар, балаларының арқасүйері болған ардақты тұлғаның қоғамдағы өзіндік орны, асыл қасиеттері жайлы осындай үлкен орталарда есту үлкен құрмет екенін айтып, ұйымдастырушыларға зор алғысын жеткізді.

«Ұлтымыздың зиялыларының ұлағатын ұмытпау — ел боламын деген халықтың тарих алдындағы парызы», – деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, Ромсейіт Мұхамеджанұлы адамгершілігімен, рухани таза болмысымен, білімділігімен, ұстаздық тұлғасымен әрдайым биік тұғырда тұратын, тағылымы мол тұлға екені, бұл пленарлық отырыста анық айқындалды.

Әрі қарай жиналған педагогтар үш бағытта секциялық жұмыстарға топталып, тәжірибе бөлісті. Р.Қоянбаев туралы әзірленген баяндамалар тыңдалып, үздіктер марапатталды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях