24 маусым – сот және сот қызметкерлерінің күні. Айтулы мерекенің қарсаңында Қарасай аудандық соты арнайы іс-шара ұйымдастырып, осы салада еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Мерекелік басқосуға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, аудан прокуроры Жәнібек Жақаев, аудандық Полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Тоқтаров арнайы қатысып, сот қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Жиын барысында Қарасай аудандық сотының төрағасы Дінмұхамед Адайбаев бұл күннің маңыздылығына тоқталып, осы салада елеулі еңбек етіп жүрген әріптестерін құттықтап, өз атынан Алғыс хаттарды табыс етті. Төрағаның ықыласына бөленгендердің қатарында сот жүйесінде елеулі еңбек еткен, ардагер заңгерлер Жангелді Байғожаев пен Ахметкарим Алдиев болды. Сонымен қатар, аудандық соттың бірқатар қызметкерлері де дәл осындай марапатқа ие болды.
Заң саласының өкілдерін арнайы құттықтаған Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы жеке адамның құқығы мен заңды мүддесін қорғау жолында сот қызметкерлерінің атқарып жатқан үлестері зор екенін айтты. Сонымен қатар, аудан басшысы өз сөзінде бұл айтулы күннен бөлек, бүгінгі күнге тұспа-тұс келген Мемлекеттік қызметшілер мен Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жайлы сөз қозғады. Екі саланың өкілдері атқаратын ел алдындағы қызметтің маңыздылығын айтып, қоғам үшін оның жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.
Айта кету керек, 24 маусым күні атап өтілетін Сот және сот қызметкері күні 2022 жылдан бастап кәсіби мереке ретінде Үкімет қаулысымен бекітілген. Бұл мерекенің 24 маусымға нақтылануы да кездейсоқ емес. 1992 жылы дәл осы күні тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қолданыста болған «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға тек соттың сот төрелігін жүзеге асыруы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.