«Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелден келетін қазақ жастарына арналған оқу квотасы мен гранттар туралы баяндады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Шетелдегі қандас талапкерлерге мемлекеттік гранттан арнайы квота бөлінеді. Оларға бөлінетін квота саны 2 пайыздан 4 пайызға ұлғайды. Соңғы 3 жылда дайындық бөліміне 3500 грант бөлінді. Оған 3055 жас қандасымыз түсті. 2020 жылы пандемияға байланысты қордың тікелей ұсынысымен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шетелдегі отандастарымыз Ұлттық біріңғай тестілеуді онлайн тапсыру құқығына ие болды. Биыл да сол тәжірибеге сүйеніп, ҰБТ онлайн форматта өтті. Оның нәтижесі әлі жарияланған жоқ», — деді М. Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Мемлекеттік квота аясында соңғы 5 жылда 3643 талапкер ҰБТ-дан шектік бал жинап, жоғарғы оқу орындарына түскен. Барлық шетелдік студенттерге яғни, қандастарға жатақхана міндетті түрде беріледі.
Сонымен қатар колледжде оқу үшін де мемлекет тарапынан 4% квота қарастырылған. 2020 жылы 540 қандасымыз құжат тапсырып, бәрі де грант иегері атанған.
«2020 жылдан бастап «Отандастар Қоры» ұсынысымен «Назарбаев университетіне түсу үшін қандастарға Абай атындағы гранттар беріле бастады. Оған АҚШ, Канада, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия қатарлы мемлекеттерден 56 үміткер қатысып, 13-і грант иегері атанды. Қазіргі уақытта олар білім алып жатыр. Сондай-ақ, «Отандастар қоры» КЕАҚ мен отандық жоғары оқу орындары бірігіп «Отандастар» грантын әзірлеуде. Бүгінгі таңда «Қайнар» университеті, «Қорқыт Ата» атындағы мемлекеттік университетімен бірлесіп, атаулы гранттар бөлу мәселесі қаралып жатыр», — дейді М. Сарбасов.