25 қазан – Республика күніне орай, бүгін Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылында оқушыларға арналған өнер мектебі ашылды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Балаларға арналған өнер ордасының ашылу салтанатына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысып, ата-аналарға, оқушыларға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ аудан басшысы игі шараға құр қол келмегенін айтып, Қарасай аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков екеуі өнер ордасының ұжымына жаңа компьютерді сыйға тартты.
Ал ауыл тұрғыны Ақбота Тоқтасынова ата-аналардың атынан мектептің ашылуына қолдау білдірген аудандық әкімдікке және аудандық білім бөліміне ерекше ықыласын білдіріп, осы өнер ордасында болашақ өнер жұлдыздары шыға берсін деген тілегін жеткізді.
Екі қабаттан тұратын Шалқар ауылдық өнер мектебі 350 оқушыға арналған. Мұндағы жас өнерпаздар 17 бағытта қабілеттерін шыңдай алады. Атап айтқанда, фортепиано, домбыра, шаңқобыз, қолөнер, актерлік шеберлік сияқты өнердің түр-түрін үйренулеріне мүмкіндіктері бар.
Аталған шағын өнер ордасы Жандосов ауылдық округінің аумағында орналасқандықтан, мұнда келетін оқушыларға жақында ашылған №5 бағытта қатынайтын, яғни Қаскелең қаласы мен Жандосов, Шалқар, Шамалған, Бекболат, Қайнар ауылдары арасында жүретін автобус қолайлық болмақ.
Бұл өнер мектебінде Шалқар ауылындағы оқушылар ғана емес, жақын маңда орналасқан басқа елді мекеннің балаларына да білім алуға болады.
Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның сөзіне сүйенсек, бұл шағын өнер ошағы мемлекеттік мекеме болғандықтан, оны бітіріп шыққан әрбір шәкірт мемлекеттік үлгідегі куәлікке ие болады. Мекемеде штат бойынша 65 мұғалім жұмыс істемек. Қазіргі таңда 38-і жасақталды. Олардың ішінде Қаскелеңдегі музыкалық өнер мектебінің ұстаздары да бар. Қалғанына арнайы конкурс арқылы қабылдау жүруде. Мұғалімдердің барылғы жоғары білімді. Арасында танымалдары да бар. Мәселен, атақты «Музарт» тобының бұрынғы гитаристі ауыл балаларына сабақ берсе, Халық әртісі, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұловтың шәкірті оқушыларға актерлік шеберлікті үйретпек.
Айта кетейік, бұл мемлекеттік мекеме аталған елді мекендегі М.Ломоносов атындағы орта мектептің ескі ғимараты болған. 2017 жылы ауылға жаңа орта мектеп салынған соң, тозығы жеткен нысан жекеменшікке өткен. Алайда ол биыл аудан әкімінің ықпалымен мемлекеттің иелегіне қайтарылып, аудандық білім бөлімінің балансына берілді. Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Алматы облысы әкімінің қаулысымен бүгінгі таңда Шалқар ауылының өнер мектебі ретінде ел игілігіне беріліп отыр.