СДУ грантын ұтып алуға мүмкіндік бар

СДУ грантын ұтып алуға мүмкіндік бар

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» бағытын жүзеге асыру мақсатында, Сулейман Демирел университеті республикалық SPT олимпиадасын өткізді.

SDU Proficiency Test (SPT) –  бұл ағымдағы жылдың мектеп және колледж түлектеріне арналған СДУ-дың ішкі олимпиадасы. Олимпиаданың негізгі мақсаты — талапкерлерге болашақ мамандығын таңдауға көмектесу және түрлі деңгейдегі грант пен жеңілдік беру арқылы қолдау көрсету. Статистикалық мәлімет бойынша, олимпиадаға 2015 жылы 1000, 2016  жылы 3900, ал, 2017 жылы 7000 талапкер қатысқан.

Биылғы жылы олимпиада 4-наурызда сағат 11.00-де, бір уақытта еліміздің 19 қаласында өтті. Оған қатысуға алдын-ала 12086 түлек өтініш білдірген екен. Бұл ретте, қызығушылық танытқан 2782 үміткер бар Алматы қаласы көш бастап тұрса, екінші орында жалпы саны 1444 болатын  шымкенттік оқушылар бар. Қатысушысы көп үштіктің қатарына елордалық 875 талапкер қосылған. Сонымен қоса грантқа үміткерлердің ішінен 592 талапкер құжат рәсімдеуде түрлі қателік жіберіп, қабылданбаған, ал, 202 оқушы ұялы телефон мен жазба қағаз пайдаланғаны үшін емтиханнан шеттетілген.

Жалпы, республика аймақтарында аталмыш байқау тестілеу орталықтарында өткізілсе, Алматы талапкерлері үшін, іс-шара Қаскелең қаласындағы СДУ-дің бас кампусында  ұйымдастырылды. Олимпиада қатысушыларына арнайы ашық есік күні өткізіліп, емтиханнан соң талапкерлерлер назарына  білім беру жүйесі бойынша кеңінен ақпарат беріліп, мамандық таңдау, факульттермен танысу, белді сарапшылардан кәсіби кеңес алу, университет кампусы бойынша қызықты квестке қатысу, шеберлік сағаттар мен шет тілдерін үйрену бойынша сынақ сабақтар және танымал вайнерлердің қатысуымен ауқымды мәдени ойын-сауық бағдарлама ұсынылды.

Бір апта бойы оқу орны сарапшылары тестілеу нәтижелерін қорытындылап, ең үздік 300 жеңімпазға 100% білім гранттары мен сертификаттар тағайындалады. Алайда, СДУ ішкі грантына ие болған жеңімпаздар ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылмайтынын ескерген жөн. Ерекшелігі, жоғары оқу орнына түсу үшін талапкер небәрі 50 ұпай жинауы жеткілікті.

Олимпиада тестілеу форматында 6 кластерде: физика, география, химия-биология, ағылшын тілі, әдебиет, тарих пәндері бойынша өтті.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях