Сара Тастанбекқызының 165 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтті

Сара Тастанбекқызының 165 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтті

Қолына өнердің өр биік туын ұстап, сол жолда үнемі ілгері ұмтылған, әдемі әнімен, өрісті өлеңімен тамаша танылған Сара Тастанбекқызынын туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Осыған орай, бүгін Алматы облысы Ақсу ауданында «Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған бұл аламан сөз сайысына еліміздің әр облысынан түрлі деңгейдегі айтыс жеңімпаздары, бірінен бірі өткен от ауызды, орақ тілді 10 айтыскер ақын қатысып, додаға түсті.

– «Бүгін төл өнерімізді дәріптеуге, сөз мәдениетін өз мәнерінде жеткізуге үлес қосып жүрген елімізге танымал бір топ ақындарымыз киелі Ақсу жерінде бас қосып отыр. Ақын апамыздың туған жеріндегі айтыс аламанында бақ сынап, додаға түсу үлкен мерей деп есептеймін. Бұл шараның аудандағы “Ақын Сара атындағы МәдениетҮйінде” ұйымдастырылуы да Сара апамыздың рухына көрсетілген ерекше құрмет – деп аудан әкімі Әділбек Далғабаев жиылған көпшілік қауымды құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі. Аудан басшысынын сөзінен кейін Сара апамыздың ұрпағы – шөбересі Данел Тұрысбеков арнау өлеңін оқыды.

Шара барысында қыз бен жігіт айтысының қайталанбас үлгісі болып, бүгінде қазақ өнерінің рухани мұрасына айналған айтыс негізіндегі Біржан Сара операсынан үзінді қойылды. Бұл қойылымда басты партияларды ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сағат Жылгелдиев мен ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова орындады.

Айтыс аламанында айтыскерлердің 3 жұбы финалдық іріктеуден өтті. Нәтижесінде бас жүлде мен 1 500 000 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты астаналық ақын Жандарбек Бұлғақов қанжығасына байласа, бірінші орынды Алматы қаласынан Сара Тоқтамысқызы, екінші орын астаналық Балғынбек Имашев және үшінші орынды Мұрадым Мирланов (Батыс Қазақстан облысы) және Алматы қаласынан Сырым Әуезхан иеленді. Мерекелік шараға атақты Айнұр Тұрсынбаева да қатысып Ақсу ауданына деген ыстық лебізін білдірді.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях